№1 индустриялық парк аумағында 5 өндірістік кәсіпорынның құрылысы аяқталды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![№1 индустриялық парк аумағында 5 өндірістік кәсіпорынның құрылысы аяқталды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17211451351008434.webp)
Соның бірі – «Central Beton Company» ЖШС. Мұнда тәулігіне 3 мың текше метр бетон өндіріледі. Сондай-ақ компанияның теміржол тұйығында бір мезетте 3 мың тонна цемент сақтай алатын қоймасы бар. "Өндіріс қарқынына індет кеселі де, әдетте құрылыс жұмыстары саябырситын қыс маусымы да еш кері әсер еткен жоқ. Мұнда үзіліссіз күндізгі және түнгі ауысымда 150-ден астам адам жұмыс істейді. Биыл жаңадан екі қондырғы сатып алып, қайта өндірістің қуатын 80 пайызға арттырдық. Соның арқысында жаңадан тұрақты 30 жұмыс орнын аштық",– дейді компания директорының орынбасары Александр Пахомов. Кәсіпорынның өнімдері Нұр-Сұлтан қаласында және Ақмола облысының аумағында таралады. Журналистер тобы, сондай-ақ, цемент пен гипс негізінде құрғақ қоспалар шығаратын «Баракат Инвест» ЖШС-нда болды. Зауыт директоры Ержан Баймұқаштың айтуынша, бүгінгі күні цемент негізінде жасалатын құрғақ қоспа шығаратын 1-желі жұмыс істеп тұр. "Үкіметтің өндірістік саясатты білікті жүргізуінің арқасында серіктестік жұмысы қыстада тоқыраған жоқ. Өйткені қалада құрылыс жұмыстары, әсіресе үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Оның үстіне халықтың баспана сатып алуы үшін түрлі жеңілдіктер қарастыратын мемлекеттік бағдарламалар іске қосылған. Мұның бәрі біздің кәсіпорынның өнімдеріне деген сұранысты арттыра түседі", – деді Ержан Баймұқаш. Келесі кезекте «ModeX Astana»ЖШС-на ат басын тіредік. Мұнда үй құрылысына қажетті блок қабырғалар өндіріледі. Зауытта пәтерлер толықтай жинақталады, сосын құрылыс басында тұтас ғимарат қалпында құрастырылады. Соның арқасында құрылыс жұмыстарына жұмсалатын уақыт әжептәуір қысқартылады. Жаңа технология комфорт санаттағы баспананың нарықтық құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, бұл құрылыстың сапасына еш кері әсер етпейді.