Жергілікті атқарушы органдар көрсететін 158 қызметтің 97,5 пайызы автоматтандырылды – Алтай Көлгінов
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Жергілікті атқарушы органдар көрсететін 158 қызметтің 97,5 пайызы автоматтандырылды – Алтай Көлгінов](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172114513529606250.webp)
Елорда басшысы қала әкімдігіне білім саласында балаларды тамақтандыруға қатысты шағымның көп түсетінін, оған ашықтықтың болмауының да себеп болғанын айтты. «Осы уақытқа дейін процедура қағаз жүзінде болды. Министрлікпен және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлесіп, бұл бағытта конкурс өткізу онлайн форматқа ауыстырылды. Қазіргі уақытта мектептердегі балаларды тамақтандыру бойынша атқарылатын жұмыс жөніндегі мемлекеттік сатып алу процедурасы толықтай автоматтандырылды. Сол сияқты есептесу қызметі де қолма-қол ақшадан картамен есептесу бағытына ауыстырылды. Бұл ата-ананың балаларының тамақтануға жұмсаған қаражатын бақылап отыруға мүмкіндік берді», - деді елорда әкімі. Сонымен қатар қала әкімі мектеп басшыларының ротациялануы туралы да айтып өтті. Яғни бұған дейін кейбір мектептің басшылары бір орында 15-20 жылға дейін отырса, сыбайлас жемқорлық орын алмас үшін бұл жұмысты реттеу қолға алынған. Яғни қазіргі уақытта ротация қағидасы іске қосылған. «Сыбайлас жемқорлыққа қатысты тәуекелді азайту мақсатында мамандардың денсаулығына қатысты демалыс алу жөніндегі парақты қолдан жасап алуын жою үшін бұл бағыт та автоматтандырылды. Яғни қазір бұрынғыдай белгілі бір мекеменің мөрін бастырып, парақты қолдан жасауға жол берілмейді. Электронды түрде медициналық паспорты толықтырылады. QR-кодтың көмегімен парақтың заңды екеніне көз жеткізуге болады», - деді ол. Сондай-ақ шаһар басшысы «Ашық бюджет» талабы туралы жұмыстарға тоқталды. «Бізде «Ашық бюджет» талабы бар. Мұны біз «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде қабылдадық. Мысалы, тұрғындар енді абаттандыру немесе спорттық алаңдар салу сияқты өздеріне қатысты мәселені құзырлы мекемемен бірлесіп шешетін болады. Өткен жылы бұл пилоттық жоба тек Сарыарқа ауданында іске асырылса, биыл барлық ауданда іске қосылады. Ашық бюджет туралы кез келген азамат толықтай сайттан көре алады. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан жер, инженерлік желілер мәселесі бойынша көптеген сұрақтар туындайды. Егер оны цифрландыратын болсақ, ол да ашықтықты көрсетеді. Сондықтан биыл инженерлік желілердің 60 пайызы цифрландырылды. Толықтай автоматтандырылған кезде бұл тұрғындарға едәуір жеңілдік береді. Цифрландырудың арқасында қоғамдық көліктердегі көлеңкелі ақша айналымы қысқартылды. Бұл да өзінің жақсы септігін тигізді. Бұл қаражаттың есебін бақылауға, мемлекеттен берілетін субсидияның ашықтығын көруге мүмкіндік берді. Әрине, сыбайлас жемқорлықпен күрес шарасы – әр азаматтың, әр мемлекеттік қызметкердің борышы. Осы жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады», - деді қала әкімі.