COVID-19 пандемиясы жағдайында онкологиялық көмек көрсету мәселелері талқыланды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![COVID-19 пандемиясы жағдайында онкологиялық көмек көрсету мәселелері талқыланды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172114515932977238.webp)
А.Цой конференцияға қатысушыларға Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың үндеуін оқып берді: «ҚазОРҒЗИ-да онкологиялық науқастарды емдеу мен олардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қатерлі ісікті диагностикалаудың жаңа әдістерін әзірлеуге, енгізуге мүмкіндік бар. Институттың мақсаты - озық ғылыми-зерттеу орталығы ретінде қалыптасу. Осының нәтижесінде онкологиялық ауруларға шалдыққандар санын, мүгедектік пен өлім-жітімді азайту жөніндегі миссияны орындауға болады». Халықаралық конференцияға Австралия, АҚШ, Испания, Швейцария, Германия, Түркия, Ресей, Грузия, Беларусь, Корея, Италия, Өзбекстан және басқа елдердің жетекші сарапшылары қатысты. Халықаралық конференцияға отандық жетекші онколог ғалымдар қатысып, еліміздің онкологиялық қызметінің негізгі жетістіктері туралы айтты. Олар қатерлі ісіктерді зерттеу бойынша ғылыми жаңалықтарды, обырды диагностикалаудың, хирургия мен терапияның заманауи медициналық технологияларын талқылады. Сондай-ақ, онкологиялық пациенттерге оңалту және паллиативтік көмек көрсету, скринингтік бағдарламалар және онкологиялық пациенттерге көмекті дамыту перспективалары, COVID-19 пандемиясы жағдайында онкологиялық көмек көрсету мәселелері талқыланды. Конференция аясында онкогинекология, маммология және онкоурология бойынша шеберлік сыныптары өтті. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты 1959 жылы құрылған. Қазақ ғылыми-зерттеу институтының бірінші директоры - еңбек сіңірген дәрігер Сәкен Нұғманов, қазіргі уақытта онкоинститутты м.ғ.д., академик Диляра Қайдарова басқарады. Қысқа уақыт ішінде ҚазОРҒЗИ республикадағы онкология, радиология және рентгенология саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу, емдеу және ұйымдастыру-әдістемелік орталыққа айналды. Қазіргі таңда ол еліміздегі халыққа онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастырушы басты мекеме. Институтта 36 ұйымдастырушы, диагностикалық және клиникалық орталық пен бөлімше жұмыс істейді. 450 төсектік клиника ашылып, онда жыл сайын 10 мыңнан астам пациент емделеді, 2 500-ден астам хирургиялық операция жасалады. Медициналық көмек онкологиялық аурулардың барлық түрлерін қамтиды. Институтта барлығы 670 қызметкер бар. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының жетекшілігімен «2018-2022 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспары» әзірленді, оның мақсаты қатерлі ісіктердің ауыртпалығын азайту. Жоспар төрт бағытты қамтиды: тәуекел факторларын алдын алу және басқару, тиімділігі жоғары ерте диагностиканы дамыту, онкологиялық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу, кадрлық әлеует пен ғылымды дамыту, халықаралық стандарттарға сәйкес Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтарды құру.