Елордада Тәуелсіздік күніне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өтті
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елордада Тәуелсіздік күніне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өтті](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172114524025672715.webp)
Іс-шараға халықаралық ұйымдардың өкілдері, белгілі қазақстандық және шетелдік ғалымдар, шет мемлекеттердің елшілері қатысты.
Халықаралық конференцияны іс-шараның модераторы, Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов ашып, «Қазақстан жолы: бірегей қалыптасу және үдемелі даму» тақырыбында баяндама жасады. Пленарлық бөлімде: жаңғырту үдерістеріне жан-жақты көзқарас; Қазақстанның эволюциялық жолы дамуының квинтэссенциясы болып табылатын теңгерім; жаһандық әлеуметтік-мәдени, технологиялық прогресті ұстануда көрінетін үзіліссіздік; сабақтастық; жаһандық секілді «Қазақстандық жолды» құрайтын бес негізгі санатты атап өтті.
«Қазіргі Қазақстанның дамуы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен және оның қызметімен тығыз байланысты. Елбасының кемеңгерлігі мен көрегендігінің арқасында біз небір тар жол, тайғақ кешуден де, неше түрлі сыннан да бірлік пен ынтымақтың арқасында аман өттік. Тұңғыш Президентіміз ұстанған саясат Қазақстанның бүкіл әлем мойындаған өзіндік, «Қазақстандық жол» деп аталатын ерекше жолмен дамуына мүмкіндік берді», - деді Ә.Рахымжанов.
Қатысушыларға Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Владимир Норов бейнеүндеу жасады.
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев әзірлеген және дәйекті түрде іске асырылатын елдің моделі, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік тұжырымдамасын іске асыру, мемлекеттік және қоғамдық институттарды дамыту әлемнің көптеген елдерінде үлкен қызығушылық тудырады. Оның беделді әрі шынайы үніне БҰҰ-да және қазіргі заманның өзекті мәселелері талқыланатын басқа да ауқымды алаңдарда мұқият құлақ асады. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ШЫҰ-ның бастауында тұрды және ұйымның дамуы мен нығаюына, оның халықаралық аренада мәртебесі мен беделін арттыруға зор үлес қосты», – деді В.Норов.
Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Дархан Қыдырәлі «Түркі интеграциясының архитекторы» тақырыбын тарқатып айтты.
«Көп түріктің атажұртында жаңа мемлекеттің іргесін қалаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті түркі әлемінің ынтымақтастығына әу бастан айрықша мән беріп, туыс жұртты түгендеп, үзіліп қалған алтын арқауды қайта жалғады. Әуелі іргедегі ағайын елдермен достық байланыстарды арттыруға баса назар аударып, Орталық Азия ынтымақтастығын құру жөнінде бастама көтерді. Еуразияның күретамыры болған Ұлы Жібек жолын қайта жандандырып, Алтай мен Анадолының арасын жалғаған түбі бір туыс елдердің асыл мұратына жол ашты. Сонау тоқсаныншы жылдардан бері Түркітілдес мемлекеттердің алқалы басқосуларына ұйытқы болып, Түркі Кеңесі, ТүркПА, ТҮРКСОЙ, Түркі Ақсақалдар кеңесі, Халықаралық Түркі академиясы сынды іргелі ұйымдардың негізін қалап, маңызды идеяларға бастамашы болды. Түгел түркінің түпқазығы, әзірет қонған әз қала, киелі Түркістанды түлетті... Біз бүгін барымызды қастерлеп, бірлікті байрақ етіп, Алаш арыстарына аңсар-арман болған бауырластығымызды бекемдей түссек, ол – Елбасының ерен еңбегі, болат жігері, асыл мұратының жүзеге асқанының шынайы да айқын көрінісі», - деп атап өтті Д.Қыдырәлі.
Джордж К.Маршалл атындағы қауіпсіздік мәселелерін зерттеу жөніндегі Еуропалық орталығының профессоры Грегори Глисон «Қазіргі уақыттағы стратегиялық ынтымақтастық және жаһандық келісім – Назарбаев моделінің мәні» тақырыбына тоқталды. Ғалым өз баяндамасында: «Назарбаев моделі» соңғы 30 жылда көрсетілген ең табысты даму бағдарламасы екенін атап өтті. Бұл модель посткеңестік кеңістікте ғана емес, бүкіл әлемде табысты. Бұл көпшілік мойындаған үлкен жетістік. «Назарбаев моделі» жаһандық маңызға ие, әсіресе, қазіргі әлемдік тәртіптің өзгеру кезеңінде», - деп ой бөлісті.
Ресей ұлттық стратегия институтының халықаралық жобалары жөніндегі директоры Юрий Солозобов атап өткендей, «Назарбаев моделі» Қазақстанға бірегей тарихи мүмкіндікті – халықаралық қатынастарда табысты әрі беделді мемлекет болуға мүмкіндік берді».
«Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары үнемі тосын және өзекті. Олар жаһандық қарқынымен және дөп түсетін саяси болжамымен таң қалдырады. Әлемдік саясатта «Назарбаев моделі» терминінің пайда болуы бекер емес. Мен оны тиімді және кейде тосын стратегиялардың жиынтығы ретінде анықтаймын. Бұл Елбасының әлемдік табысты саясаткер және реформатор, дана бітімгер және еуразиялық интеграцияның бастамашысы ретіндегі авторлық моделі», – деді Ю.Солозобов «Назарбаев моделі: жаһандық келісім үшін жаңа стратегия» тақырыбындағы баяндамасында.
Конференцияға Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі С.П. Ниязходжаев, Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі М.Галошфаи, Әзербайжан Мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Саяси зерттеулер институтының директоры Э. Насиров, ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестік бөлімінің басшысы М.Б. Жарбосынова қатысты.
Конференцияда Қазақстанның көпвекторлы бейбітсүйгіш саясаты, Елбасының сыртқы саяси бастамаларына байланысты саяси, экономикалық, құқықтық, тарихи, мәдени, әлеуметтік және басқа да аспектілері талқыланды.