Серікзат Дүйсенғазы: Көрерменсіз айтыс – ауыр жағдай

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Серікзат Дүйсенғазы: Көрерменсіз айтыс – ауыр жағдай
ашық дереккөз

«Пандемияның, әрине, шығармашылыққа кері әсері болады. Оны жоққа шығара алмаймыз. Өйткені бұрынғыдай әдеби ортамен өтетін үлкен жиындарда өлең оқу, жастармен кездесу сияқты шығармашылықты дамытатын, пікірлесетін ортаның болмауы, рухани кештердің өтпеуі шығармашылыққа кері әсерін тигізеді. Дегенмен біз де жұмысымызды тоқтатпай, кітаптарды ақтарып, біліммен қаруланып жатырмыз. Университетте қызмет ететіндіктен, журналдарға ғылыми мақалаларымызды жазып, республикалық, халықаралық деңгейде онлайн конференциялар өткізудеміз», - деді Серікзат Дүйсенғазы.

Сонымен қатар ол ұстаз ретінде қазіргі уақытта қашықтан білім алып жатқан университет студенттерінің біліміне жоғары баға беретінін атап өтті. «Поэзия туралы айтар болсақ, өлең жазып жатырмын. Бірақ өлеңдеріміз бұрынғыдай шаттанған емес, сәл мұңлылау келеді. Халықтың мұңын, жағдайын сол өлеңімізде көрсетуге тырысудамыз. «Топжарған» деген клубым бар. Сол клубта мен жас айтыс және жазба ақындармен жұмыс істейтін едім. Апта сайын біз қайнаған ортада бас қосып, айтысып, өлең оқып жататынбыз. Қазір ол тоқтап қалды. Онлайн форматта өткізіп жүрміз. Бірақ оның әсері бұрынғыдай емес. Дегенмен үлкен шығарма жазатын жазушыларға, қаламгерлерге бұл уақыт ыңғайлы шығар. Себебі ол тыныштықты, оқшаулануды талап ететін дүние ғой», - деді ол. Оның айтуынша, пандемияның зардабын әсіресе күнделікті қыз-қыз қайнаған ортада жүрген ақындар, соның ішінде айтыс ақындары тартуда. «Ал айтысқа келетін болсақ, қалың көрерменсіз дүбірлі додалар болмаса да, онлайн айтыстар өтіп жатыр. Жүрсін Ерман ағамыздың тарапынан бірқатар ұсыныс түсті. Бірақ мен оның ешқайсысына қатысып жатқан жоқпын. Оның бірден-бір себебі – қазіргі пандемия жағдайы. Өйткені біз қашықтан білім беріп жатқандықтан, қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты әзірге ешқайда шыға алмаймыз. Онлайн форматтағы айтыстар көрерменсіз өтеді. Ал көрерменсіз айтыс дегеніңіз ол ақындар үшін ауыр жағдай. Өйткені халыққа қарама-қарсы отырып өнер көрсететін ақындарды қолпаштап, оларға шабыт беретін көрермен. Сондықтан оларға қиындау. Мен бір жылдан бері айтысқа қатысқан жоқпын, дегенмен әріптестерімнің жағдайын жақсы түсінемін», - деді С.Дүйсенғазы.