Бақтияр Мәкен мереке күні босанған жас аналарды құттықтады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Бақтияр Мәкен мереке күні босанған жас аналарды құттықтады
ашық дереккөз

Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов бастаған жұмыс тобы №1 көпбейінді аурухананың акушерлік блогында болып, 1 желтоқсан күні дүниеге сәбилердің аналарын құттықтады. Қала әкімінің орынбасары елорда басшысы Алтай Көлгіновтің атынан жас аналарға гүл мен арнайы сыйлықты табыстап, отбасыларына бақыт тіледі. Бүгін таңғы сағат 8.00-ге дейін мұнда 10 бала дүниеге келген. Оның бесеуі – ұл, бесеуі – қыз. Мереке күні босанған аналардың бірі Гүлмира Қанапиянова өзінің қуанышымен бөлісті. «Мен үшін бұл ерекше сәт. Өйткені үйдегі үшінші баламыз, қызымыз өмірге келді. Білікті акушерлердің, медбикелердің, санитарлардың кәсіби шеберлігінің арқасында барлығы жеңіл болды. Оларға алғысым шексіз. Негізі мөлшерлеген кез бұдан сәл ертерек болған. Дегенмен сәбиімнің бүгінгі мереке күні дүниеге келуі біз үшін үлкен бақыт. Әйел-ана үшін аман-есен босанып, сәбиіңді құшағына алудың өзі бір бақыт болса, айналаңдағылардың бәрінің жүзі жарқырап, мерекелеп жүргенін көру де қуанышты еселей түседі екен. Бүгінгі Тұңғыш Президент күнімен баршаңызды құттықтаймын. Отбасыларыңызға бақыт, еңбектеріңізге жеміс тілеймін», - деді Гүлмира Қанапиянова. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытқа дейін астанада 18 бала дүниеге келген. Оның 8-і ұл болса, 10-ы – қыз.