Мырзатай Жолдасбеков: Елбасы қазақтың жығыла жаздаған Туын қайта тіктеген азамат

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Мырзатай Жолдасбеков: Елбасы қазақтың жығыла жаздаған Туын қайта тіктеген азамат
ашық дереккөз

Сөз басында Мырзатай Жолдасбеков еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты алғаш көрген сәтін былай әңгімелеп берді: «Болашақ Президентті алғаш рет 1957 жылы көрдім. Қаскелеңдегі Абай  атындағы қазақ орта мектебінде педпрактикадан өткенімде ол оныншы сыныптың оқушысы еді. Жүзі жайнап, екі көзі оттай жанып, жарқ-жұрқ етіп, ай маңдайы жарқырап, бәйге атындай тыпыршып отыратын. Ішіне сыймай жүрген бір құдірет бардай көрінетін. Қажырлы, еңселі болатын. Тұрғыластарының арасынан иығы озық тұратын. Намысшыл болатын. Момынға болысып, жұртқа көмектесіп жүретін. «Болат кездік қын түбінде жатпайды» дегендей, Нұрсұлтан жастайынан қынаптан суырылған қылышқа ұқсады, әуел бастан-ақ мұзжарғыш кемедей қай ортаға барса да сыйып, сіңіп жүре берді. Орта мектепті үздік бітірді. Бала жастан елгезек болып өсті. Ерте тұрды, кеш жатты. Отбасының ауыртпалығын әке-шешесімен бірге көтерісті. Жатпай-тұрмай ата-анасына қолғабыс тигізді», - дейді Мырзатай Жолдасбеков. Сөзін жалғай отырып, өзі қатарлы балалар ауылын қимай жүргенде Қаскелеңге тиіп тұрған әсем Алматыға емес, ол кезде жер түбіндей көрінетін Қарағандыға, оның да өзіне емес, жанындағы ол кезде атын біреу естіп, біреу естімеген Теміртау қаласына барғанын тілге тиек етіп өтті. «Теміртауға оқуға емес, жұмысқа тартып кеткенін, кейіннен өзге жастармен Днепродзержинскіге аттанғанын, келгеннен кейін Қазақстан Магниткасының маңдайалды металлургі атанғанын да, сонда жүріп көзге түсіп, әуелі комбинаттың, одан қаланың, одан облыстың басшылығында болғанын да, қылшылдаған қырықтағы жасына жаңа жеткенде республикалық деңгейдегі лауазымды қызметке – Орталық Комитеттің хатшылығына шақырылғанын да, мұнан соң көп ұзамай сол кезде Кеңес Одағындағы ең жас Совмин Төрағасы болып бекітілгенін де бүгінде халық жақсы біледі. «Бесіктегі баланың бек боларын кім біледі, қарындағы баланың хан боларын кім біледі» дегендей, ол кезде Нұрсұлтанның Президент боларын кім болжады дейсіз. Бірақ табиғатынан жалындап тұрған жастың түбі бір жерді жарып шығатынын жұрт сезетін еді», - деп болашақ Президенттің көшбасшылық қабілеті жайлы ой бөлісті. Сөз арасында ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның егемендіктің алғашқы күнінен бастап ұстанған саясатын жоғары бағалайтынын айта келе ол жайлы халықаралық тұлғалар арнайы кітап та шығарғанын мысал етіп өтті. «Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен-ақ ұстанған саясатын жоғары бағалаймын. Ең әуелі жалпақ дүниеге ат ізін салып, барған жерінен бос қайтпай, еліміздің туын аспандатып, еңсесін асқақтатты. Сөзін өткізді. Қаншама алпауыттың бүйрегін бүлк еткізіп, елдегі тұралап жатқан шикізат пен өндіріс көзіне шеттен инвестиция тарта білді. Тұңғыш Президентімізді бұл күнде әлем мойындады. Ұлыбританияның саясаткері Джонатан Айткеннің Лондонда, ағылшын тілінде, «Назарбаев және Қазақстанның дүниеге келуі: коммунизмнен – капитализмге» деп аталатын кітабы жарық көрді. Бұрын бұл автордың АҚШ президенті Ричард Никсон туралы кітабы шыққан. «Назарбаев туралы кітап жазуға не себеп болды?» деген тілші сауалына кәнігі саясаткер: «Өмір баспалдағы өнеге баспалдағына айналған адам ретінде Назарбаев оқырманды қатты қызықтырады» – деп жауап береді. Иланбасқа шараңыз жоқ. Халықаралық деңгейдегі тұлғалардың Елбасы жайлы бүтін бір кітап шығаруы – Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған еңбегінің нәтижесі. Қазақ жері қасиетті, тарихы мен тағдыры тақсыретті жер. Ұлы Даланы бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, құдіретті рухымен қорғады. Халқымыз Нұх пайғамбардың кемесіне мінгендей хал кешкенде, қайшылықтар шырмауына шырмалғанда, замана теңізінен аман алып шыққан кемел ойлы саясаткер, кемеңгер, дуалы ауыз, ел бастау тәсіліне жетік Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еді. Әлем тарихында жарқын құбылыс, жаңашыл реформатор деп танылған ұлы саясаткер жайында дүниежүзі қайраткерлерінің жарыса жазатыны содан. Ол пікірлердің қай-қайсысы да ел Президентінің пайым-парасатына, ерлік іс-қимылдарына, төтенше шешімпаздығына берілген мейлінше әділ сипаттамалар», - дейді Мырзатай Жолдасбеков. Әңгіме арасында Мырзатай Жолдасбеков Тұңғыш Президент жайлы жылы-жылы естеліктер көп екенін, алайда мына бір сәт көз алдынан ешқашан кетпейтінін айрықша атап өтті. «Сонау 1991 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президентін сайлау өтісімен біз өзімізде бұрын-соңды болып көрмеген инаугурацияны өткіздік. Инаугурация рәсімі аяқталып келе жатты. Сол бір сәтті есіме алсам, жүрегім әлі де кеудемнен ытқып шығардай соға жөнеледі. Иә, сөйтіп тұрғанда сахна төріндегі мемлекеттік Ту көз алдымызда қисайып бара жатты. Кенет, о құдірет, әлгі құлап бара жатқан Туды Президент бір қолымен қағып алғаны... Арқа тұсында құлап бара жатқан Туды көріп қалғаны, соны қалай ұстап үлгергені таңғаларлық. Ал енді осы жай адамның ісі ме? Жоқ, бұл жай адамның ісі болмаса керек. Сол оқиғаның маған символдық мәні бар сияқты болады да тұрады. Нұрсұлтан Назарбаев шынында да қазақтың жығыла жаздаған Туын қайта тіктеген азамат», - дейді Мырзатай Жолдасбеков.