Елордада балалар оқуының халықаралық форумы өтті

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада балалар оқуының халықаралық форумы өтті
ашық дереккөз

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруда кітапханалар маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесінің төртінші отырысында қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз немесе мүлдем жоқ екенін, Қазақстан оқушыларының әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейтінін, оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешу үшін тілдік пәндер мен әдебиеттің оқу бағдарламаларын қайта қарау керектігін атап өткені белгілі. Бұл міндеттерге жету жолында қазақ және әлем балалар әдебиеті өкілдерінің жұмыс істеуі қажет. Қазақ тілінде жазылған отандық балалар әдебиетін жетілдіру және жас жазушыларға қолдау көрсету мақсатымен ұйымдастырылатын форумда балалардың қазіргі сандық дәуірде оқу мәдениетін дамытудың тұжырымдамалық тәсілі мен оқитын ұрпақ өсірудің әдістері айқындалды. Балалар жазушыларының халықаралық форумында балаларды кітап оқуға ынталандыру, қазақ және әлем әдебиетінің классиктерін, қазіргі заманғы балалар жазушыларын көпшілікке таныту, ұлттық бағдарламаларды әзірлеу және енгізу мәселелері талқыланды. "Қазіргі кезде балалар әдебиетінің проблемаларын жедел шешу – уақыт талабы болып отыр. Балалардың кітапқа деген қызығушылығы бүгінгі технологиялар заманында оқудан гөрі, визуалды және аудио тыңдау жағынан қатты дамыған және осы үлгідегі жанрларға қызығушылығы басым болып келеді. Сондықтан оқиғаларды визуалды түрде көз алдына әкеліп беретін комикс жанрындағы кітаптардың жасалуын, олардың авторлары мен иллюстраторларын қолдау арқылы осы мәселенің шешімін ұсынамыз. Кітапхана – білімнің ордасы. Мұндағы балаларға арналған залдың кішкентай оқырмандары кітапты оқып қана қоймай, танымын дамытып, рухани баий түсуіне барлық жағдай жасалған. Алайда, Нұр-Сұлтан қаласынан жеке балалар кітапханасын ашу да – бүгінгі заман талабы болып отыр. Бүгінгі күні сіздердің әрқайсыларыңыздың балалар әдебиетіне қосып отырған үлестеріңіз зор. Бүгінгі халықаралық деңгейде өткізіліп отырған форумда дүниежүзілік балалар әдебиетіне қатысты мәселелерді талқылап, идеяларыңызды ортаға сала келе, біздің Ұлттық академиялық кітапхана ұсынған «2021 жыл – Балалар әдебиеті жылы» деп белгіленсін деген ұсынысымызды қолдауларыңызды сұраймын", - деді педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева.  Сонымен қатар іс-шара барысында жазушы Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер», жас ақындар мен жазушылар Алишер Рахат, Берікбол Батан, Сұлтанқожа Айжарықтардың жаңа кітаптарының таныстырылымы өтті. Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, тарих ғылымдарының кандидаты, Оңтүстік Корея Республикасы Мәдениет, спорт және туризм министрлігінің халықаралық Орталық Азия мәдениет орталығы бөлімі директорының орынбасары Dr. Jeon Bongsu (Сеул, Оңтүстік Корея Республикасы), жазушы, Беларусь жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары Стельмах Елена Анатольевна (Минск, Беларусь), ақын, жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан, Славян жазбасының күніне арналған байқаудың лауреаты Дария Джумагельдинова, ақын, жазушы, драматург, жыршы, манасшы, балалар жазушысы Баянғали Әлімжан, балалар жазушысы, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Толымбек Әбдірайым, ақын, «Балапан» телеарнасының директоры Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Мақпал Жұмабай, жазушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы жанындағы балалар әдебиеті кеңесінің төрағасы Ақыш Бәбиханұлы және балалар әдебиетін зерттеуші ғалымдар, әдіскер-педагогтар, оқулық авторлары, баспагерлер, аниматорлар, Қазақстан балалар мен жасөспірімдер кітапханаларының басшылары мен мамандары, журналистер, тележүргізушілер, мәдениет және білім мекемелерінің жетекшілері, кітапханашылар қатысты.