Елорданың жоғары оқу орындары мен колледждері жанынан Әйелдер көшбасшылығы клубын ашу ұсынылды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елорданың жоғары оқу орындары мен колледждері жанынан Әйелдер көшбасшылығы клубын ашу ұсынылды
ашық дереккөз

«Қазақстанның әйелдер күштері альянсы» төрағасының бірінші орынбасары Азиза Шужееваның айтуынша, қазір көптеген жас қыздар өз ісін қалай бастау керектігін, табысқа жетуді білмейді. Осының салдарынан масылдық көңіл-күй де туындайды.

«Біз оларға көмектескіміз келеді, Қазақстанда алғаш рет елордамызда ауқымды жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Әрбір колледжде, ЖОО-да, әйелдер көшбасшылығы клубтарын ашсақ дейміз. Біздің self made әйелдеріміз тәлімгер болуы үшін, жас қыздарды дамыту үшін онлайн бағдарлама жасағымыз келеді. Оларға кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретуді, карьера жасауды, қоғамдық ұйымның, әлеуметтік кәсіпкерліктің көшбасшысы болуды үйретеміз. Біз 2021 жылы осындай жобаны іске қосқымыз келеді, егер ол елордада сәтті жүзеге асырылса, біз оны бүкіл ел бойынша кеңейтеміз», - деп атап өтті ол.

Форум барысында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Ләйлә Троицкая тағы бір ұсыныс айтты. Оның айтуынша, ұйым салалар бойынша кәсіпкер әйелдердің бірыңғай базасы бар мобильді қосымша құруды жоспарлап отыр.

«Мобильді қосымша құруды ұсынамыз, онда сала бойынша кәсіпкер әйелдердің бірыңғай базасы, қаланың өндірістік және қызмет көрсету салаларындағы қажеттіліктері туралы ақпарат болады. Бұл әйел-кәсіпкерлерге өзгерістерге тез ден қоюға, сондай-ақ бүгінде қандай мемлекеттік гранттар, қолдау, кредит беру шарттары және т.б. бар екенін түсінуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Ләйлә Троицкая сондай-ақ пандемия кезеңінде бизнесті қалпына келтіруге және жаңа стратегияны әзірлеуге көмектесу үшін кәсіпкер әйелдер қатысатын қалалық тәлімгерлік бағдарламасын іске қосуды ұсынды.