Нұр-Сұлтанда жұмыс істейтін әйелдердің «Еңбегі жанған арулар» форумы өтті

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Нұр-Сұлтанда жұмыс істейтін әйелдердің «Еңбегі жанған арулар» форумы өтті
ашық дереккөз

Форумды ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығы жұмыс істейтін әйелдердің мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге араласуына жол ашу мақсатында ұйымдастырды. Шарада алғашқы болып сөз алған Тамара Дүйсенова конференцияға қатысушыларды бірқатар әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға атсалысуға шақырды. «Бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдер қатары аз емес. Олар мемлекетке өздерінің зор үлестерін қосады. Арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге назарларыңызды аударғым келеді. Бұл ретте үлкен істің жаңа концепциясы келесі жылы жүзеге асырылатын болады. Барықтарыңызды осы жұмысқа қатысуға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қиын жағдайда қалған отбасыларға, қарияларға қолдау көрсетуге шақырамын», - деді ол. Мемлекет басшысы көмекшісінің айтуынша, аталған санаттардағы барлық қызметті қамту үшін көптеген үкіметтік емес ұйымдардың іс-әрекеті қажет. Олар жаңа стандарттарды енгізіп, жұмыс деңгейін көтеріп, халықаралық стандарттар деңгейіне жеткізуі тиіс. «Қазір бұл салада 150 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Осы қызмет түрлерін кеңейтіп, олар ауылды елдімекендерде де қолжетімді болса құба құп болар еді. Сондықтан қызметтеріңіз ауыл тұрғындарына да жету үшін сіздерді осы жұмысқа қосылуға шақырамын. Мысалы, әлеуметтік қызмет порталындағы қызметтерді компьютерді меңгергендер ғана пайдалана алады. Ал оларды кім үйретеді? Кім көрсетіп, кім түсіндіреді? Осының бәрі біздің сізбен бірге үлкен жұмыс атқаруды қажет етеді», - деді Тамара Дүйсенова. Айта кетсек, әлеуметтік қызмет порталы мүгедектердің өмірі мен құқығын жақсартуды қамтамасыз ету жөніндегі Ұлттық жоспардың аясында жасалған. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандар осы портал арқылы оңалтуға арналған 55 техникалық құралдың 24-іне тапсырыс бере алады. Қалған 31 құрал 2021 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Өз кезегінде елорда әкімі Алтай Көлгінов Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының 25 жыл ішінде атқарған жұмыстары мен табысты жобаларының нәтижелерін айрықша атап өтті. Оның айтуынша, ұйымның тәжірибесі нақты әлеуметтік мәселелерді шешуде кәдеге жарайды. «Елордадағы шағын және орта бизнестің 54 пайызы – кәсіпкер әйелдер. Әйелдер кәсіпкерлігінің алға басуы бізді қуантады. Себебі сіздер әр іске басқаша жауапкершілікпен қарайсыздар. Елорда әкімдігі тарапынан біз сіздердің барлық жобаларыңызға қажетті көмек пен қолдау көрсетемз. Форумның елордада өтуі бекер емес, сіздер өздеріңіздің белсенділіктеріңізбен осы саладағы жұмыстардың өңірлерде де жандануына импульс бересіздер. Президент «халық үніне құлақ асатын мемлекет» жөнінде айтпақшы, біз адамдардың тек сұрақтарына ғана жауап беріп қоймай, олардың мәселелерін де шешуіміз керек. Мемлекет – ол сіз бен біздің бірлігіміз. Біз бірге барлық мақсаттарға жете аламыз», – деді Алтай Көлгінов. Форум барысында Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының белсенді мүшелері елорда әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Айта кетсек, шара кезінде барлық санитарлық нормалардың талаптары орындалды.