Алтай Көлгінов шеткі аймақтардағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты
15 тамыз, 2024
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Алтай Көлгінов шеткі аймақтардағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172114599636019489.webp)
ашық дереккөз
«Қаланың шеткі аймақтарында барлығы 16 тұрғын алап бар. Ондағы тұрғындардың саны 300 мыңнан асады. Яғни елорда халқының төрттен бір бөлігі деген сөз. Осы тұрғын алаптарда қордаланған жүйелі мәселелер жоқ емес. Осыған сәйкес, Үкіметте арнайы қаулы қабылданып, шеткі аймақтардың мәселелерін біз қаланың бас жоспарына енгізіп, жол, жарық, инфрақұрылым мәселелерін жақсарту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Пандемияға қарамастан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша биыл шеткі аймақтардың 100 көшесі жөнделді. Қазір 4 спорт кешенінің нысаны салынып жатыр. Келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар 4 мектептің құрылысы да аяқталуға жақын. Кәріз желілерін жасап жатырмыз. Мысалы, «Үркер» тұрғын алабында мәселе көп. Жол мен жарық мәселесін қарап жатырмыз», - деді қала әкімі.
Сонымен қатар ол шеткі аймақтарға газ тартылып жатқанын да атап өтті. «Көктал», «Агроқалашық» тұрғын алаптарында 10 мыңнан астам адам тұрады. Ол жерде газдандыру қарқынды жүріп жатыр. Жеке секторларға 300 шақырымнан астам газ желісі тартылды. Көмір жағып, көк түтінге тұншығу денсаулыққа зиян, бейнеті де көп. Қазіргі уақытта алғашқы боп бірқатар үй газға қосылып жатыр. 5 мыңнан астам адам газ тұтынуға дайын деуге болады. Әрине, барлық мәселе бір күнде шешілмейді. Проблемалы нысанның бірі «Жағалау-4» желтоқсан айында пайдаланылуға беріледі», - деді А.Көлгінов.
Ұқсас жаңалықтар