«Астана Опера» сахнасында «Махаббат сусыны» операсының премьерасы өтеді

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Астана Опера» сахнасында «Махаббат сусыны» операсының премьерасы өтеді
ашық дереккөз

- Театрымыздың жанкүйерлері бағасын беріп үлгерген жеңіл әрі көңілді спектакльдердің жалғасы ретінде біз көрермен назарына «Махаббат сусыны» атты тамаша операны ұсынбақпыз, мұнда тенорларды есепке алмағанда, бастан-аяқ бәрі де бақытты! Бірақ тенорлардың да азабы көпке созыла қоймайды. Қойылым жұмысына атақты әрі қазақстандық көрерменге таныс суретшілерді – заманымыздың көрнекті сценографы Эцио Фриджерио, «Оскар» сыйлығының иегері, костюмдер бойынша суретші Франка Скуарчапиноны шақырдық. Қоюшы режиссер Арно Бернар – Дж.Вердидің «Сицилиялық кешкілік» және Дж.Пуччинидің «Батыстан келген қыз» сынды ауқымды және «кинематографистік» жолмен шешілген опералардың авторы. Сонымен қатар сұранысқа ие осынау кәсіпқой маман қазіргі таңда Мариин театрында П.Масканьидің «Ауыл абыройы» премьерасы бойынша жұмыс жасап жатыр, - деп баяндады Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

[caption id="attachment_49523" align="alignnone" width="2560"] Фото: «Астана Опера» театрынан алынды[/caption] - Қоюшы режиссердің аталған спектакльді тұтастай позитивті негізде ұстау тұжырымдамасы қатты ұнады. Оның ойы бойынша көтеріңкі көңіл-күй рухын қызықты кейіпкер – дәрігер Дулькамараның ассистенті бейнелейді. Бұл партияны орындауға біз пантомима жанрында өнер көрсетуге мамандандырылған кәсіби әртіс Донато Демитаны шақырдық. Ол опера қойылымдарына шақырылған, сондай-ақ Еуропаның драма және опера театрларының сахнасында мол тәжірибесі бар. Өкінішке қарай, Қазақстанда әртістерді пантомимаға үйрететін мектеп жоқ, бүгінгі таңда аталған жанр бойынша кәсіби әртістер де жоқ, дегенмен біз Донатамен келісімге келдік, ол біздің бірнеше балет әртісімізді осы партияға үйретеді, сөйтіп, келесі спектакльдерде осы операны толықтай өз күшімізбен көрсете аламыз, - деп сөзін жалғастырды директор. Сонымен бірге Ғалым Ахмедьяров театрдың көркемдік кеңесі биылғы премьера күндері және келесі жылы өнер көрсететін орындаушылар құрамын белгілегенін қоса айтты. Сондай-ақ ол солистердің танымал коуч Анатолий Гусевпен бірге белсенді түрде аталмыш операға вокалдық дайындық жүргізіп жатқандығын айтып өтті. Сонымен, Адина партиясын Салтанат Ахметова, Альфия Каримова, Айзада Қапонова, Жамиля Джаркимбаева дайындауда. Джанеттаның бейнесінде сахна төріне Назым Сағынтай, Мәдина Исламова, Елена Ганжа, Әсем Сембина шығады. Немориноның тенорлық партиясын Медет Чотабаев, Жан Тапин, Мейір Байнеш орындайды. Белькоре рөлінде Талғат Мұсабаев, Талғат Ғалеев, Ержан Саипов, Азамат Жылтыркөзов өнер көрсетеді. Дулькамара – Евгений Чайников пен Шыңғыс Расылхан. Комедиялық спектакль көрермендерді адами қатынастың нәзік психологиясын маңызды мағыналармен толықтырып, таңдандырады деп күтілуде. Операның музыкалық сүйемелдеуін «Астана Операның» бас дирижері, музыкалық жетекші, қоюшы дирижер, маэстро Алан Бөрібаевтың басшылығымен театрдың симфониялық оркестрі ұсынатын болады. - Біздің театрдағы бұл қойылым әр партитураның нәзік талшықтарын дөп басып, композитордың жарқын, бастапқы ойларына жүгіне білетін Алан Бөрібаев сияқты керемет маэстроның арқасында жаңа бояулармен толықтырылып түрленетіні сөзсіз. Сондай-ақ бұл қойылымдағы салмақты жүктің бір жағы Ержан Дәуітов басқаратын хор әртістеріне түскелі отыр. Хорға ерекше екпін берілген және ол сахнада операның басынан аяғына дейін болады, - деп қорытындылады Ғалым Ахмедьяров. «Махаббат сусыны» - екі бөлімнен тұратын опера. Либреттосын Даниэль Обердің «Махаббат дәрісі» операсы үшін Эжен Скрибтің француздық либреттосы негізінде Феличе Романи жазған. Бұл Доницеттидің ең шуақты, салтанатты, күлдіргі операларының бірі, оның ғасырдан астам уақыт бойы тыңдармандардың назарын өзінде ұстауы кездейсоқ емес. Керемет өрілген қызықты оқиға желісіне сәйкес, кезбе емші Дулькамара кедей жас жігіт Немориноға махаббат дертінен айықтыратын эликсир сатады. Шын мәнісінде, ғажайып дәрі дегені – бір бөтелке қызыл шарап қана. Алаяққа соңғы ақшасын санап беріп, қалтасында соқыр тиыны қалмаған Неморино сиқырлы сусынның әсер етпейтінін түсінеді, әйтсе де, өзінің алға қойған мақсатына қол жеткізуге ниетті. Бозбаланы алда жаңа түңілулер күтуде, бірақ тағдыры оған мейірімділік танытып, аяқ астынан және дер кезінде алған мұра ол үшін барлығын сәтті шешеді. Адина оған жар болуға келісім береді, бірақ операның соңында тыңдармандар ой үстінде қалады: махаббат деген – шынайы сезім бе, әлде көп ақшаның әсері ме?