Малайзиялық ғалым әл-Фараби жайлы кітап жазды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Малайзиялық ғалым әл-Фараби жайлы кітап жазды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172114611713255605.webp)
Форумға 233 адам, оның ішінде ғалымдар мен зерттеушілер, ислам мәдениеті философиясы мен тарихы саласының мамандары, оқытушылар, студенттер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Өздерінің құттықтау сөздерінде Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев және Малайзия халықаралық Ислам университетінің проректоры Ахмад Фариз Исмаил іс-шараның екіжақты ғылыми және мәдени алмасуды нығайтудағы маңыздылығын атап өтті. Баяндамаларды аталған кешенді зерттеудің авторы – Малайзия халықаралық Ислам университеті жанындағы «Әл-Ғазали» исламдық ой және өркениеті халықаралық институтының профессоры Осман Бакар, ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова және «Утара Малайзия» университетінің профессоры Хазим Шах Мурад жасады. Спикерлер О.Бакардың кітабы Малайзияда және бүкіл әлемде әл-Фараби мұрасын зерттеуге және танытуға үлкен үлес қосқанын атап өтті. Аталған кітапта ұлы дала тумасының философия мен исламдық ойды дамытудағы рөлі, сондай-ақ Шығыс пен Батыс арасындағы рухани байланыстарды ілгерілетуге әсері жан-жақты көрсетілгені атап өтілді. Сессия барысында қатысушылар әл-Фарабидің философиялық ұстанымдарының қазіргі кезеңдегі көкейкестігін және олардың әлемге ықпалына қатысты бірқатар мәселелерді талқылады. Іс-шара қорытындысымен қатысушылар Қазақстан мен Малайзия университеттері арасында ынтымақтастықты кеңейтуге және ұлы ғалымның мұрасын зерттеу мен насихаттауда күш біріктіруге келісті.