Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасына жаңа бас бапкер тағайындалды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасына жаңа бас бапкер тағайындалды
ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан дзюдо федерациясының кезектен тыс отырысы өтті. Ұлттық федерация басшысы Қайрат Қожамжаровтың жетекшілігімен өткен жиынға Қазақстан дзюдо федерациясының вице-президені Сәкен Мұсайбеков, бас хатшысы Асхат Житкеев, дзюдодан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Жандос Қонысбаев пен атқарушы директоры Самат Жылқыбаев қатысты. Сондай-ақ, федерацияның вице-президенттері Бостан Жаңбырбаев пен Елдос Рамазанов жиынға видеоконференция режимінде қосылды. Жиын барысында Қазақстан ұлттық ерлер командасына жаңа бас бапкер тағайындалды. Атқарушы комитеттің бірауыздан шешімімен Қазақстан ұлттық ерлер командасының бас бапкері болып дзюдодан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы, «Құрмет» орденінің иегері Ғалымжан Жылгелдиев сайланды. Айта кетерлігі, құраманың бұрыңғы бапкері Айдын Смағұлов денсаулығына байланысты қызметін тоқтату туралы өтініш білдірді. Ол Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне 2018 жылы кіріскен болатын. Өз кезегінде, Қазақстан дзюдо федерациясының  президенті Қайрат Қожамжаров Айдын Смағұловқа осы уақытқа дейін атқарған жұмысына алғыс айтып, жаңадан тағайындалған бас бапкерге сәттілік тіледі.