220 нысанға 47 миллион теңге айыппұл салынды – А.Жанатаева (видео)

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
220 нысанға 47 миллион теңге айыппұл салынды – А.Жанатаева (видео)
ашық дереккөз

– Айман Бекбергенқызы, мониторингтік топ тексерісті қашан бастады?

– Шілде айынан бастап мониторингтік топпен көптеген нысаннның жұмысына тексеріс жүргізіп келеміз. Мониторингтік топ құрамында әкімдік қызметкерлері, полицейлер, санэпидстанция мамандары және басқа да мемлекеттік органдар өкілдері бар. Шілде айынан бері Есіл ауданы бойынша 1 300-ге жуық нысанға тексеріс жүргіздік. Соның ішінде карантиндік тәртіпті бұзған 220-ға жуық нысанға бүгінге дейін 47,7 миллион теңге айыппұл салынды. https://www.youtube.com/watch?v=WcxFz2LPX2g – Қандай тәртіп бұзушылық болды? – Жалпы, қаулы бойынша қоғамдық тамақтану орталықтары кешкі сағат 22.00-ге дейін жұмыс істеуі керек болса, кейбір нысандар ол уақыттан кейін де жұмыстарын жалғастырып жатады. Талапты орындамағаны үшін біз оларға әкімшілік шара қолданамыз. – Әкімшілік шаралар қаншалықты нәтижелі болып жатыр? – Шілде айымен салыстырғанда бұзушылықтар азайды деп айтуға болады. Дегенмен карантин тәртібін бұзуды қайталай беретін бірқатар нысан бар. Мысалы, Тұран даңғылы, 2 мекенжайындағы Aura Alanya түнгі клубына талапты орындамағаны үшін сегіз рет айыппұл салынды. Негізі қазіргі пандемия кезінде түнгі клубтарға, боулингтерге, караоке-барларға мүлде жұмыс істеуге болмайды. Алайда соған қарамастан жұмыстарын жүргізіп отырған нысандар бар. – Жаңағы түнгі клубқа қанша көлемде айыппұл салынды? – Әр айыппұлдың қысқартылған көлемдегі мөлшері 319 470 теңгеден болды. Бұл нысан сегіз айыппұлдан кейін ғана жұмыстарын тоқтатты. Оны күнделікті рейд барысында қадағалап жүрміз. – Жалпы, сіздер тексеретін қанша нысан бар? – Нысандар өте көп. Соның 1 300-ін қамтыдық. Тек тамақтану орталықтарын ғана емес, мектеп, балабақша, банк сияқты көптеген нысандарды тексереміз. Соның ішінде көбіне тамақтану орталықтары карантин тәртібін бұзады. Айта кету керек, тек пандемия кезінде ғана емес, былайғы уақытта да тамақтану орталықтарында қорқор (кальян) шегуге мүлде тыйым салынған. Егер сондай жағдай анықталса, мекемемен қатар келушіге де айыппұл салынады. – Тексеріс кезінде қандай қиындықтар кездеседі? – Көп жағдайда нысандар түнгі уақытта жарықтарын сөндіріп, есіктерін іштен жауып, жұмыстарын жалғастырып жатады. Ондай кезде біз ішке кіре алмаймыз. Сонымен қатар ішке кірген жағдайда да олар ЖШС немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы мәліметтерін бермеуге тырысады. Өйткені сол мәліметтері арқылы айыппұл салынады. Сондықтан да бергілері келмейді. – Сонда олар мониторингтік топ мүшелеріне жеке мәліметтерін бермеуге құқылы ма? – Біз тиісті заң жүзінде және қаулыға сәйкес жұмыс істейтіндіктен, мәліметтерді алуымыз керек. Бірақ ешкімді бұған мәжбүрлей алмаймыз. Нысан әкімшілері мәліметтерді түрлі сылтауларды айту арқылы жасырады. Ондай жағдайда нысан өкілдері прокуратураға шақырту алады. Шақыртуға барған кезде кәсіпкерлік өкілі түсініктеме береді. Сонда барлық мәліметтері анықталады. – Сіздердің нысаналарыңыздағы нысандар көбіне қандай тәртіп бұзады? Пайызбен есептегенде қаншасы талапты орындамай жатыр? – Кейбір тамақтану орталықтарының мамандары бетпердесіз жүреді. Жұмыстарын белгіленген уақыттан кеш аяқтайды. Жалпы, пайызға шаққанда нысандардың шамамен 60 пайызы талапты орындауға тырысады, ал 40 пайызы тәртіп бұзады. – Карантин тәртібін бұзған нысандарға түсіністік танытатын кездеріңіз бола ма? – Әрине, түсіністік танытатын кезіміз болады. Мысалы, кейде тамақтану нысандары кешкі сағат 22.00-ден кейін де жұмысын жалғастырады. Оның себебін сұрасақ, әкімшілері клиенттердің спирттік ішімдік ішіп, әлі есептеспегенін, мекеменің жабылатыны туралы ескертуге құлақ аспағандарын айтады. Сондай жағдайда түсіністікпен қараймыз. – Сұхбатыңызға рақмет.