Елорда полицейлері есірткі сатушыны қолға түсірді
Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде Жеңіс көшесінде есірткі сатқаны үшін бұрын сотты болған 39 жастағы елорда тұрғынын ұстаған. Жеке тінту барысында оның сөмкесінен «гашиш» салынған 13 полиэтиленді пакет табылған. Ер адамның тұратын жерін тексерген кезде полицейлер «гашиш» салынған 3 полиэтиленді пакетті және өткізуге дайындап қойған, өлшеніп, буылып-түйілген 32 полиэтиленді ораманы тапқан. https://www.youtube.com/watch?v=8j14FzA4isg Арнайы операцияны өткізу нәтижесінде заңсыз айналымнан 20 кг шамасында есірткі тәркіленді. Оның «қара нарықтағы» бағасы 30 млн астам теңгені құрайтын еді. Еліміздің аумағына, әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлерінен есірткіні жеткізуге және өткізуге қатысы бар қылмыстық тізбекке қатысушыларды анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігі «аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау», ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі «аса ірі мөлшерде есірткі затын өткізу», ҚР ҚК 287-бабының 2-бөлігі «қару мен оқ-дәрілерді заңсыз алу, сақтау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл 10 жылдан бастап 25 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соқтыруы мүмкін. Күдікті Нұр-Сұлтан қаласы ПД УҰИ-ға қамалды, тергеу жүргізілуде.