«Адамзаттың Абайы» атты онлайн танымдық кеш өтті

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Адамзаттың Абайы» атты онлайн танымдық кеш өтті
ашық дереккөз

Алты бөлімнен тұрған кештің негізгі мақсаты – ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, оның даналығы мен рухани асыл-мұраларын насихаттау. Сонымен қатар оқушыларды Абайды жақынырақ танып, өсиет сөздерінен өнеге алуға шақыру. «Абай атамыздың 175 жылдығы аясындағы шаралар әлі де жалғасын тауып келеді. Оның себебі – ақын шығармашылығының өміршеңдігі. Ғұламаның ойлы өсиеттері мен даналық сөздері қай заманның болмасын қажетіне жараған. Онлайн танымдық кеште біз осыны басшылыққа алып, шараға қатысуға ниет білдірген әр адамды тағы бір мәрте Абай атамызбен қауыштырғандай күй кештік. Кешке оқушылардан бөлек, мектеп ұстаздары мен ата-аналардың қатысуы тіптен керемет болды», - деді кешті ұйымдастырушы Мұхамед Жеңісұлы. Кеш барысында қатысушылар Абай мұражайына онлайн-саяхат жасап, Абай атындағы кітапханадан әзірленген “Абай әлемі” кітап көрмесін тамашалады. Сондай-ақ абайтанушы-ғалым Асан Омаровпен онлайн дидарласып, дала данасының ғибратты өмірі, шығармашылығы жайлы салиқалы әңгімеге құлақ түрді. Оқушылар өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. «Бұл шараға шақырып, зияткер оқушылармен қашықтан болса да, дидарласудың сәті түскеніне қуаныштымын. Әсіресе мені жас буынның Абай атамызды жаңа қырынан танығысы келгендері қатты қуантты. Қойған сауалдары да – ойланып жауап беруге тұрарлық сұрақтар. Соған байланысты өз тарапымнан Абайдың тәрбие, имандылық философиялары жайлы айтқандарын ортаға салдым. Олардың барлығы жатарымыздың келешек өміріне пайдасын тигізеріне күмән жоқ», - деді Асан Омаров.  Сонымен қатар кеш барысында оқушыларының бірі Шыңғыс Тоқанов ойшылдың қара сөздерін оқып, өзге қатысушылармен кері байланыс орнатты. Бұл сәтте қатысушылар Абайға қатысты түрлі сауалдарға жауап беріп, өз білімдерін сынап көрді. Айта кетсек, шара Семей қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жатақханасы тәрбиешілерінің ұйымдастыруымен өтті.