Түнгі рейд: Нұр-Сұлтанда жасырын жұмыс істеген караокенің есігін бұзып кірді

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Түнгі рейд: Нұр-Сұлтанда жасырын жұмыс істеген караокенің есігін бұзып кірді
ашық дереккөз

Құрамында Есіл ауданы әкімдігі мен полиция басқармасының қызметкерлері және басқа да мемлекеттік органдарының өкілдері бар мониторингтік топ кешкі сағат 22.20-да Тұран даңғылы, 55/2 меекнжайында орналасқан бес қабатты 5 ENG мейрамхана кешеніне ат басын тіреді. Мұндағы бірінші қабатта бірнеше ер адамның дастархан басында отырғаны белгілі болды. Алайда мейрамхана сағат 22.00-де жабылуы керек болған. Мониторинг тобының өкілдері барлық қабаттарды мұқият қарап шыққанмен, онда басқа келушілер болмады. Дегенмен бұл нысан уақытында жабылмағандықтан, жұмыс тобына санэпидстанция маманын шақыруға тура келді. Мамандар тиісті жұмыс жүргізіп, бес күнге тексерістен өткізетін болды. Айта кетсек, бұл жерде мониторингтік топтың 1-1,5 сағат уақыты кетті. Өйткені бірер күн бұрын ғана ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мониторинг тобының тексеріс жүргізу процесіне өзгеріс енгізіпті. Мысалы, бұған дейін мониторинг тобы кәсіпкерлік нысанына санэпидстанция маманымен бірге кірсе, бұдан кейін оны тек ереже бұзылған жағдайда ғана шақырту арқылы кіруіне болады. Бұл жерден кейін мониторинг тобы Қабанбай батыр даңғылының бойындағы Adagio караоке-барға барды. Осы уақытта караокенің сыртында жүрген бір топ жас күдік тудырды. Алайда олар нысанның есігі жабық болғандықтан, ішке кіре алмай кетіп бара жатқандықтарын алға тартты. Тәртіп сақшылары кәсіпкерлік нысанының жан-жақтағы есіктерін тартып көргенде барлығы жабық болды. Бірақ іште адамдардың бар екеніне сенімді болған полицейлер ТЖМ мамандарын шақыртып, паркинг жақтан қызметтік есікті бұзып кірді. Осылайша, түнгі сағат 01 кездерінде елу шақты клиенттің караоке ішінде жасырын көңіл көтеріп отырғаны әшкере болды. Тәртіп сақшылары келушілердің аты-жөндерін жазып алып, хаттамалар толтырды. Ал караоке әкімшісіне қатаң ескерту жасап, прокуратураға шақырту қағазын берді. Одан мониторинг тобы Aura club-қа барды. Бірақ ол жер расымен де жабық болып шықты. Жұмыс тобы оның ішіне кіріп, келушілердің жоқтығына көз жеткізді. Есіл ауданы санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Айман Жанатаеваның айтуынша, шілде айынан бері Есіл ауданы бойынша мониторинг тобы 1 300 кәсіпкерлік нысанын тексеруге барып, оның 200-ден астамына 42 млн теңге шамасында айыппұл салынған. Айта кетсек, қаланың Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, тамақтану орталықтары және басқа да кәсіпкерлік нысандары сағат  22.00-ден кейін жұмыс істемеуі керек.