«Жекпе-жек» спорт кешенінің ерекше жандарға қолжетімділігін білу мақсатында мониторинг өткізілді
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![«Жекпе-жек» спорт кешенінің ерекше жандарға қолжетімділігін білу мақсатында мониторинг өткізілді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172114909624612184.webp)
Мониторинг нәтижесінде «Жекпе-жек» спорт кешенінен ерекше балалар үшін қолайсыздық анықталған жоқ. Ата-аналармен сұхбаттасып, олардың пікірлерінің оң екенін байқауға болады. Гүлнар Абдиева есімді рухы мықты жеткіншектің анасы баласы үшін жасалған жағдайға, спорт кешеніне көңілі толатындығын жасырмады. «Баламды осы жерге әкеліп келіп жүргеніме бір жылдай болды. Пандемия кезінде спорт кешені жабық тұрды және біз үшін қиын болды. Балам бұл жерге келгенде емдік дене шынықтыру шарасын өткендей болады. Боксқа қатысады, рингке шыққандай әсер алып, көңіл-күйі көтеріліп қайтады», - деп ағынан жарылды. Балалар бұл жерде тек жаттығып қана қоймай, сауықтыру орталықтарына жолдама алуларына мүмкіндік бар. «Жас Жауынгер» ұйымының негізін қалаушы Садық Байымбетовтің айтуынша қазір 20 бала Балқаш қаласында емдік шараларын қабылдап жатыр. «Бізде күрес, жекпе-жек, бокс, ММА сынды спорт түрлерімен айналысуға болады. Пандемия кезінде балаларды топ-топқа бөліп тастадық. 2019 жылы парабокстан жарыс өткіздік. Бұл Қазақстан бойынша ғана емес, әлем бойынша бірінші рет өтіп тұр. Ерекше балаларды қолдау мақсатында осындай әртүрлі жарыстар ұйымдастырып тұрамыз. Рухы мықты жастарды тәрбиелеу біз үшін жауапты іс», - деді ол. Мониторинг жүргізген арнайы топ жас жеткеншектерге жылы лебіздерін білдіріп, спорт кешені ұжымына тиімді ұсыныстар айтты.