Жаңа жоба ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдайды 

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жаңа жоба ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдайды 
ашық дереккөз

Ежелден «Жетімін жылатпаған, жесірін жатқа бермеген» ұлағат жолын ұстанған ұлт екеніміз баршаға мәлім. Халқымыздың осындай даналығы мен даралығының арқасында қазақ жерінде балалар үйі деген мүлде болмаған да еді. Ал қазір қоғамымызда қанша жерден қарекеттенсек те, балалар үйлерінің біразын біржола жауып тастаған күннің өзінде,  көңілі налаға, көзі жасқа толы жетімдеріміздің саны артпаса, кемімей отыр. Қазіргі уақытта қалалық Білім басқармасының қамқорлық және қамқоршылық бөлімі мен тұрғын үй және тұрғын үй инспекиясындағы тұрғын үйге кезекте тұрғандар базасынан алынған мәліметтерге қарағанда, бас қаламыздың өзінде жетім балалар (жастар) мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны – 2 730 бірлікті құрайды екен. Оның ішінде 1 451-і – 18-29 жас аралығындағы жастар, оның 238-і зерттеу фокус-тобымен қамтылған. Жоғарыда аталған жоба аясында бүгінгі күні интернат мекемелерінің 164 бітірушісінің әлеуметтік бейнесі түзілгенін де атап өткен жөн. Әлеуметтік зерттеуге қатысушылардың 46,4 пайызы – әйел, 53,6 пайызы – ер азаматтар. Зерттеу нәтижелері олардың арасындағы қазақ және орыс ұлттарының үлестік салмағы бірдей (40,8 пайыздан) екендігін көрсетіп берген. Басқа ұлттар өкілдері  – 18,4 пайыз көлемінде. Респонденттердің 26,4 пайызының орта кәсіптік, 54,4 пайызының орта, 10,4 пайызының жоғары, 8,8 пайызының орта техникалық білімдері бар. Яғни, олардың жартысына жуығы ғана орта кәсіптік білімді меңгерген. Бұл олардың әлеуметтенуі мәселесін өзектендіру қажеттігін көрсетіп берді. Рас, кейбір жағдайларда, тіпті толыққанды отбасылардан шыққан жастардың да қаржы жетіспеушілігіне байланысты жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндіктері болмай жатады. Ал мұның жетім балалар үшін бірнеше еселеп ауырлық жүктейтіні екі бастан белгілі. Міне, сондықтан оларға  арнайы білім беруді қамтамасыз  ететін салалық реформалық өзгерістер енгізу қажет секілді. Арнайы сауалнамамен қамтылғандардың отбасылық жағдайлары да әркелкі. Олардың 64,8 пайызы әлі үйленбеген, 21,6 пайызы отбасын құрап үлгеріпті. Ал 13,6 пайызы ажырасу, азаматтық некеге тұру сияқты түрлі отбасылық жағдайларды бастан өткеріп отыр екен.  Өздерінің денсаулықтары жөнінде респонденттердің 60,8 пайызы «өте жақсы», 20 пайызы «орташа», 14,4 пайызы «қанағаттанарлық» деп бағалайды. Ал 4,8 пайызы – мүгедектер санатында. Олардың қатарында түрлі топтардағы мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Зерттеумен қамтылғандар хоккей, футбол, жүзу және жеңіл атлетика секілді спорттың бірнеше түрімен айналысады, бос уақыттарын көбінесе,  тоқыма тоқумен, би үйірмесіне қатысумен, сурет салумен  және тамақ дайындаумен тиімді өткізуге тырысады екен. Алынған жауаптардың негізінде қазіргі қазақстандық қоғамдағы жетім жастардың  тұрғын үйге қолжетімділіктің, өздерін қаржыландыру ісінің болмауы, халық тұтынатын бір реттік тауарларға бағаның өсуі секілді «бас ауыртарлық» негізгі мәселелерінің рейтингі жасалды. Олар жұмыспен қамтуға, мемлекет тарапынан әлеуметтік көмектің болмауына, сыбайлас-жемқорлыққа байланысты қадау-қадау мәселелерді де атап көрсетті. Олар білім беру саласында өздеріне бірқатар мемлекеттік қолдау көрсетілуін қалайды. Атап айтқанда, респонденттердің 21-і шеберлік сабақтарына қатысуға, 22-ісі шет тілдерін үйренуге, 18-і жоғары оқу орындарына түсуге, 4-еуі орта техникалық жоғары оқу орындарында оқуға, 26-сы жүргізуші куәлігіне қол жеткізуге ықыласты. Сондай-ақ олар танымал жастар ұйымдарының мүшесі болудан да үмітті. Сауалнамаға қатысушылар мемлекеттің бірінші кезекте тұрғын үй, сапалы білім беру, қолжетімді медициналық қызмет, сот төрелігі, толық емес отбасыларға (жалғыз басты аналарға) көмек көрсету мәселелерін бақылауына алуын қалайды. Ал жартысынан көбі тұрғын үйлер қолжетімді болса дейді. Ендеше, олар үшін бұл мәселе де өте-мөте өзекті. Зерттеу нәтижелері бойынша осы санаттағы балалардың анықталған мәселелеріне қатысты бірнеше бағыт бойынша тиісінше жұмыстар жүргізілді. Балалар үйінен шыққан екі, қаладағы № 6 кәсіптік-техникалық колледжбен жасалған келісімшарт аясында 80-ге жуық түлектің жоғары оқу орындарына және 14 жасөспірімнің орта кәсіптік колледждерге түсуіне жәрдем көрсетілді. Қазіргі таңда осы санаттағы жастар үшін ағылшын тілі мен тігін курстары ашылып, оқу-үйрету жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ  бүгінгі күннің сұранысына ие спорт, смм, фотограф, жасанды кірпік салу, шаш сәндеу, бояу, инфобизнес секілді  мамандықтар бойынша 10-нан астам тақырыпта вебинар және офлайн курстары да ұйымдастырылған. Сондай-ақ жоба аясында интернат ұйымдарынан кейінгі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды сүйемелдеу және қолдау жөніндегі тұжырымдама әзірлену үстінде. Оны түзу жұмыстары сарапшылармен, мемлекеттік органдармен бірлесе жүзеге асырылып жатыр. Әлеуметтік портрет аясында анықталған мәселелер бойынша тиісті мекемелерге хаттар жазылып, ұсыныстар жолданды.  Түрлі деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында мотивациялық жарияланымдар, соның ішінде жобамен қамтылған табысты адамдардың жетістіктері туралы 10-ға жуық мақала жарияланды. Жобаның қамту аумағын ұлғайту және бұл істі насихаттау үшін Instagram әлеуметтік желісіндегі 5 танымал блогердің парақшаларында ақпараттық посттар жарық көрді. Жоба аясында қыркүйек айынан бастап Е 10 көшесі, 2 үй, 1 кіреберіс, №1 кабинет мекенжайы бойынша көмек кабинеті ашылды, онда балаларға тегін психологиялық және құқықтық кеңестер беріледі. Жобада оның негізгі тақырыптарын ашып көрсететін әлеуметтік бейнероликтер шығару да көзделген. Қазіргі уақытта оның 4 еуі  әзірленді, 2 еуі жүзеге асырылу сатысында, жобаның қорытынды нәтижелері ағымдағы жылдың соңына қарай жария етілетін болады. Онда статистикалық деректер, әлеуметтік зерттеулер нәтижелері, жоба барысында тұсаукесер түрінде анықталған әлеуметтік мәселелер негізінде ақпараттық баяндама жасалады. Нұр Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, каратиндік шектеулердің енгізілуіне байланысты қаладағы барлық қоғамдық көпшілік шаралар тоқтатылған. Осыған байланысты мотивациялық кездесулер онлайн режіміне ауыстырылды. «Атамекен» ҰКП және «Жаңа интернет-мамандықтар», «Бизнес ашуға өтеусіз мемлекеттік грант (555 600 тг.), «Жеке бренд», «Қаржылық сауаттылық», «Күз-қыс айларында немен айналысқан дұрыс? Жастарға кеңес» тақырыптарына қатысты 5 онлайн кездесу болып өтті. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Кәсіптік-техникалық колледжі» КММ-де жобамен қамтылған жастармен – колледж студенттерімен «Арманда. Жоспарла. Әрекет ет» тақырыбында 2 мотивациялық кездесу өткізілді. Сондай-ақ жобада жыл соңына дейін жаңа бизнес идеялар құру, ынтымақтастық әріптестік қарым-қатынас жасасу, тәжірибе алмасу мақсатында жергілікті меценаттарды, ірі кәсіпкерлерді тарта отырып, 3 «Ашық есік» күнін және балалар үйінде тәрбиеленіп, қоғам белсендісі болып жүрген жастардың қатысуымен онлай вебинарлар да өткізу қарастырылған. Қатысушыларға белсенді қатысқаны үшін рюкзактар, спорттық костюмдер және басқа да оқуға қажетті керек-жарақтарды тарату (кемінде 30 адам) жоспарлануда. Өткізілген іс-шаралардан басқа, қызығушылық бойынша сауалнама негізінде жыл соңына дейін тағы 6 мотивациялық кездесу өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ жоба аясында одан әрі ынтымақтастық әріптестік орнату үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Кәсіптік-техникалық колледжі» КММ-мен меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында «Атамекен» ҰКП жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департаментімен ынтымақтастық әпіптестік қарым-қатынастар негізінде колледждің 24 түлегі жұмысқа орналастырылды. Қазіргі уақытта WhatsApp-та чат құрылды, онда жедел жұмыс іздеу үшін жаңа бос орындар жарияланады. 23 қыркүйек пен 23 қазан аралығында аталған жастар чатына 300 жұмыс түрі ұсынылды. Жалақы көрсеткіші орта есеппен 120 000-200 000 теңге аралығында, одан да жоғары деңгейде. Жан-жақты талдау, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және үздік үйлестіру үшін Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы, Білім басқармаларының,  «Көлік және коммуникация жоғары колледжі» МКК- нің,  ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің, «Атамекен» ҚР ҰКП-ның өкілдерімен, «Алтын Қыран» халықаралық қайырымдылық қоры, Jumysbar.kz жобасының, BTS-EDUCATION.KZ ЖШС менеджерлерімен кездесулер өткізілді. Жоба интернат ұйымдарынан кейін жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бейімдеуге және қолдауға бағытталған. Ол өзінің діттеген мақсатына да жетеді деген сенімдеміз.

Арнұр Асқаров, журналист