Елордада есірткі саудалап жүрген отбасы ұсталды
Есірткі сатудың жолын кесу бойынша арнайы операция барысында 37 жастағы ер адам мен оның 49 жастағы әйелі ұсталды. Ұсталғандардың тұрғылықты жері бойынша апиын тобының есірткілерін «өткізу нүктесін» ұйымдастырғаны анықталды. Ерлі-зайыптылардың тұрғылықты жері бойынша пәтерлерін тінту барысында есірткі салынған электрондық таразылар, қылмыстық жолмен алынған 1 млн теңгеден астам қаражат, сондай-ақ «героин» бар 2 (екі) полиэтилен пакет және өткізуге арнайы өлшенген 25 қағаз түйіншек алынды. Анықталғандай, олардың есірткі бизнесінде өз рөлдері нақты бөлінген, ал заңсыз бизнестен түскен ақша жалпы отбасылық қажеттіліктерге жұмсалып отырған. «Қолға түскен әйел адам жеткізушілермен байланыс орнатуға, сондай-ақ есірткі заттарын өлшеп, ақша қаражатын бөлуге жауапты болған. Ал оның жұбайы «ауыр» есірткі түрлерін сатуға тікелей жауапты болыпты», — деп мәлім етті Нұр-Сұлтан қаласы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ерлан Акбаров. Айта кету керек, әйел адам бұрын осындай заңсыз әрекеттері үшін екі рет сотты болған. Арнайы операцияның нәтижесінде заңсыз айналымнан 400 граммға жуық немесе 1.500-ден астам бір реттік «героин» дозасы алынды. Ұсталған адамдардың іс-әрекеттері ҚР ҚК 297-бабының 4-бөлігі «қылмыстық топ жасаған есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу» бойынша қылмыстық жауаптылықпен көзделеді және 7 жылдан 25 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соғады. Ұсталған ерлі-зайыпты елордалық Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.