ИИДМ: Еліміздің жолдарында қысқы күтіп ұстау жұмыстары басталды
Бүгінде республикалық жолдарда арнайы техниканың 455 бірлігі жұмылдырылған. Көктайғаққа қарсы қоспалар себіліп, жолдар қардан тазартылып жатыр. Бұдан бөлек, қар борайтын учаскелерде арнайы қоршаулар орнатылуда. Жалпы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында осындай кедергілердің 37880 метрін орнату көзделген. Биыл 24,8 мың шақырымды қысқы күтіммен қамту жоспарланып отыр. Соның 20,2 мың шақырымы «Қазақавтожол» ЖШС-не тиесілі. Қалған 3,9 мың шақырымына қайта жаңарту және күрделі жөндеу объектілеріндегі мердігер ұйымдар және 682 шақырымына «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясының» филиалы жауапты болмақ. Қазір «Қазақавтожол» ЖШС-нде қысқы техниканың 1 086 бірлігі бар. Компания көктайғаққа қарсы материалдың 74%-ын әзірлеп қойған. Өндірістік қор 100%-ға дайын, яғни сақадай сай деуге болады.