Ақтоты Райымқұлова Румынияның Мəдениет министрімен кездесті

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Ақтоты Райымқұлова Румынияның Мəдениет министрімен кездесті
ашық дереккөз

Ақтоты Райымқұлова Қазақстан мен Румыния 2009 жылдан бері туризм, 2013 жылдан бері мəдениет саласында екі жақты келіссөздер жасағанын айтып, қазіргі күрделі жағдайға қарамастан бүгінгі онлайн жүздесу екі жақты мəдени қарым-қатынасқа серпін беретініне сенім білдірді. «Алдыңғы бірнеше айда Румынияда ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175, ғұлама Əбу Насыр əл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында бірқатар елеулі іс-шара өтті. Осы ретте 21-23 тамызда Клуж-Напока қаласында Қазақстанның мəдениет күндері, 18-19 қыркүйекте Констанца қаласында Қазақстанның кино күндері өткенін айтуға болады. Сонымен қоса қыркүйекте Бухаресттегі орталық саябақтардың бірінде Абай Құнанбайұлының бюсті орнатылғанына қуаныштымыз. Осындай оқиғалар екі жақты байланысты нығайта түспек. Бүгінде елімізде де румын ұлттық мəдени қоғамдастығы бар. Алматыда - «Штефан Великий», Қарағандыда, Павлодарда «Буковина» орталығы румын тілін үйретіп, мəдени іс-шаралар өткізіп тұрады»,-деді. Осыдан кейін министр румыниялық əріптесі тарапынан айтылған ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін жеткізді. «Қазақстанның Румыниядағы елшілігінде румыниялық əншілердің концертін ұйымдастырып, онлайн трансляция жасау ұсынысын қолдаймыз. Расында Михай Эминеску - румын əдебиетінің классигі. Оның туындылары 90-нан астам тілге айдарылып, оқырманға жол тартты. Ақын жырларының қазақ тіліндегі аудармасы арқылы біздің оқырман румын мəдениеті жайлы көбірек мәлімет ала алады. Қазір Түрік академиясымен жинақтардың аудармасын дайындау жөнінде келісім бар. Енді Түркі академиясына жинақтардың электронды нұсқасын жіберулеріңізге болады. Сіздердің 2021 жылы Нұр-Сұлтанда «Абай Құнанбайұлы-Михай Эминеску» поэзиясының əлемдік фестивалін өткізу жайлы ұсыныстарыңызды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қарастыруға дайын. Алдағы уақытта Халықаралық Михай Эминеску атындағы академия мен ЕҰУ бірлесе жұмыс істейді»,-деді Ақтоты Райымқұлова. Өз  кезегінде Богдан Гиоргиу екі жақты мəдени байланысы жандандыруға атсалысатынын жеткізіп, Ақтоты Райымқұловаға алғыс айтты. Айта кетейік, екі мемлекет арасындағы мəдени байланыс аясында түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Мысалы, 2015 жылдан бері Бухарестте қазақ киносының фестивалі өтеді. Биыл желтоқсанда аталған фестиваль 6-рет  ұйымдастырылады. Ал 2017 жылдан бері қазақ киносының күндері Констанца мен Клуж-Напока қаласында өтіп келеді. 2018 жылы 29 мамырда Бухаресттегі Румыния ұлттық кітапханасында қазақ əдебиеті мен мəдениет орталығы ашылған. Осы іс-шарада екі жақты ұлттық кітапханалар арасында меморандумға қол қойылған еді. Ал 2019 жылы 30-31 шілдеде Қарағанды қаласындағы Тəттімбет атындағы халық аспаптар оркестрі Констанца мен Бухарестте турне жасап, 2-6 тамызда Васлуй қаласындағы халықаралық фольклор фестиваліне қатысып қайтты. Айта кетейік, жиынға ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова мен ҚР МСМ Білім, ғылыми жұмыс және халықаралық ыңтымақтастық департаментінің директоры Рауан Игенов те қатысты.