Нұр-Сұлтанда қоғамдық медиация бойынша семинар-тренинг өтті
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Нұр-Сұлтанда қоғамдық медиация бойынша семинар-тренинг өтті](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17211491742857451.webp)
Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, «Senim» медиация және татуласу орталығының, «Келісім» халықаралық медиация және құқық орталығының өкілдері қатысты. Онлайн отырыс барысында Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова этносаралық және әлеуметтік қақтығыстарды шешу үдерісіндегі медиация институтының рөлін атап өтті. «ҚХА-ның зор медиативтік әлеуеті бар екенін бәріміз де көріп отырмыз, өйткені Ассамблея ұлтаралық саланы реттеу функциясынан қоғамдық қатынастар саласына біртіндеп ауысатын жоғары орган болып саналады. Айта кету керек, сот жүйесі мен ҚХА арасындағы өзара іс-қимылды құру бағытындағы жұмыс 2016 жылғы 30 маусымда басталды. Ол кезде ҚХА мен ҚР Жоғарғы Соты арасында елімізде медиацияны дамыту бойынша меморандум жасалды. Сол жылы «Қоғамдық келісім» КММ мен елорда соты арасында осындай меморандум жасалды. Ары қарай біз бірнеше басқармамен меморандум жасастық. Нәтижесінде қазір қалада медициналық, мектеп және жалпы қоғамдық медиация ойдағыдай дамып келеді», - деп атап өтті ол. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 6 медиация орталығы жұмыс істейді, оның 3-еуі Қазақстан халқы Ассамблеясының жанында орналасқан. «Бүгінгі таңда елордалық Ассамблеяда 18 медиатор жұмыс істейді, олардың 10-ы кәсіби емес. Қалада 3 медиация кабинеті жұмыс істейді: Достық үйінде, «Нұр Отан» партиясының филиалында және әзербайжан этномәдени орталығының қоғамдық бірлестігі жанында. Мен біздің қоғамдық медиаторларымызға этномәдени бірлестіктер алдында жоғары жауапкершілік пен жұмысқа бей-жай қарамағаны үшін ерекше алғысымды білдіргім келеді», - деді Ләззат Құсайынова. Есіл ауданы әкімінің заң мәселелері жөніндегі кеңесшісі Халмұрат Азнабакиев ҚР Қоғамдық медиаторлары қызметінің нормативтік-құқықтық негізі туралы егжей-тегжейлі айтып берді. «Медиаторлар ізгі ниеттің елшілері болып саналады. Медиаторлардың нормативтік-құқықтық қызметі 2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданған «Медиация туралы» заңымен бекітілген. Жалпы, медиацияның арқасында азаматтық-құқықтық қатынастардағы барлық даудың 75%-ы екі тараптың келісімімен шешілетінін атап өткім келеді», - деді ол. Ал Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының ҮЕҰ жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Нұрбек Пұсырманов медиатордың жеке қасиеттерін дамыту кәсіби қызметті орындау үшін маңызды деп есептейді. «Жеке дағдылар сәтті медиатор үшін де маңызды және эмпатия, аналитикалық қабілеттер, тамаша саяси пайымдау және проблемаларды шешу дағдылары, қарым-қатынас дағдылары сияқты атрибуттарды қамтиды. Бұрын бізде «азамат-қоғам-отбасы» моделі болған, қазір ол «азамат-қоғам-азамат» моделіне айналды. Осыған байланысты азаматтық қоғамды дамыту институты қазір маңызды рөл атқарады», — деп атап өтті бөлім басшысы. Сондай-ақ, іс-шара барысында медиация орталықтарын дамыту, азаматтарға сапалы көмек көрсету және жұмыс істеп тұрған медиаторлардың біліктілігін арттыру мәселелері қаралды.