Михаил Кукушкин Astana Open теннис турнирінің ширек финалына шықты

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Михаил Кукушкин Astana Open теннис турнирінің ширек финалына шықты
ашық дереккөз

Қазақстан теннисшісі Михаил Кукушкин ATP 250 Astana Open турнирінің 1/8 финалында әлемнің 24-ракеткасы Бенуа Пермен кездесті. Француз турнирдің бірінші нөмірі, сондықтан бұл ойын оның турнирдегі алғашқы кездесуі болатын. Ал Кукушкин бір күн бұрын тартысты өткен кездесуде аргентиналық Федерико Дельбонистан айласын асырған еді. Бірінші сетте қос теннисшінің шамасы бірдей болды. Михаил Кукушкин тек біріншісі сәтсіз болды демесең, қалған допты ойынға қосу кездерінде геймді өз пайдасына оңай шешті. Діттегенге дөп тиіп жатқан добы қарсыласын әбден састырды. Бенуа Пердің допты ойынға қосуы да ойдағыдай болған жоқ. Ал сегізінші геймде қатарынан үш қателік жасап, оны өз пайдасына шешкен Кукушкин көптен күткен қайтарма брейкті алды. Тең дәрежеде өткен сет тай-брейкпен аяқталды. 1:5 есебімен жеңіліп тұрған жерлесіміз таразы басын теңестірді, бірақ Перу допты бірінші ойынға қосуда жолы болып, сетті өз пайдасына аяқтады. Екінші партияда Кукушкиннің қарсыласы 3:0 есебімен алға шықты, алайда Кукушкин допты ойынға қосуда басымдық танытып, төртінші геймде ұпайын еселеді. Бенуа Пердің сүйікті әдістері виннерлер мен эйстер бұл жолы қалағандай бола қоймады.  Соңғы қателігі Кукушкиннің қайтарма брейкіне әкеліп, допты ойынға қосқан келесі геймде Михаил есепті теңестірді – 4:4. Бір-бірінің қимылына тиісінше жауап беруге тырысып баққан қос мықтының кезекті текетіресі тай-брейкпен жалғасты. Бұл жолы алаң иесінің соққылары дәл тиіп, партия бойынша есеп тең түсті. Үшінші сет әр ұпай үшін күрес  жағдайында өтті. Бұл жолы бірінші брейк Михаил Кукушкиннің еншісінде. Бену Пер есеп айырмасын өзгертуге барын-ақ салды, бірақ ойын тізгінін қолына мықтап ұстаған жерлесіміз қайсарлық танытып, алшақтықты үш геймге дейін ұзартты. Қазақстандық әр соққыға дәл жауап қайтарды, тағы бір брейкке иелік етіп, сенімді басымдықпен турнирдің сенсациялық жеңісіне қол жеткізді. Есеп: 6:7 (4:7), 7:6 (7:2), 6:1. Михаил Кукушкиннің ширек финалдағы қарсыласы Эмиль Руусувуори. Ол бүгін үш сетте австралиялық Джордан Томпсонды жеңді.

Төртінші жарыс күнінің өзге ойындары

Ұлттық теннис орталығының орталық кортында іріктеу арқылы өткен Эмиль Руусувуори (Финляндия) мен Джордан Томпсон (Австралия) ширек финал жолдамасына таласты. Томпсон бірінші сетті сәтсіз бастады. Нәтижесінде үлкен есеп айырмашылығымен партия 21 жастағы фин спортшысының пайдасына шешілді. Екінші сетте Томпсон ойын тізгінін өз қолына алғандай болған, ол қарсы келген барлық соққыларды қайтаруға тырысты. Ал Руусувуори оңай шағылатын жаңғақ емес. Ұзаққа созылған ойындарда көп жағдайда Томпсонның жолы болды. ¼ финалы жолдамасы кімге бұйыратындығы үшінші сетте белгілі болды. Томпсон қысым көрсетуді алғашқы брейктен үдете түсті, бірақ Руусувуори партия ортасында брейкті өз пайдасына жазып, таразы басын теңестіріп кетті. Матч соңына қарай фин екінші мүмкіндікте матчболды жүзеге асырып, 6:2, 3:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Іріктеуден өткен тағы бір теннисші Юити Сугита 1/8 финалда 2016 жылғы Australian Open турнирінің жартылай финалисі Адриан Маннариномен шеберлік байқасты. Жапон теннисшісі 116 және іріктеу кездесуінде көрсеткен шеберлігін пайдалана алмай кездесу басталған сәттен ойынға қосыла алмады. Бірінші сетте Сугита допты ойынға қосу сәттерінде қателікке бой алдырды, ал Маннарино өз кезегінде қарсыласының қателіктерін өз игілігіне пайдаланып кетті. Екінші партияда ештеңе өзгерген жоқ. Әлемнің 39-ракеткасы геймдерді өз пайдасына жазып, сенімді ойнады. Айқын басымдықпен жеңіске жеткен француз спортшысы ширек финал жолдамасын қоржынға салды. Есеп: 6:1, 6:1. Қазақстандық Александр Бубликті тізе бүктірген АҚШ теннисшісі Макдоналд ширек финалға шығу үшін 36 жастағы тәжірибелі спортшы, италиялық Андреас Сеппимен ойнады. Қарсыласы алғашқы геймнен басымдық танытып, есеп айырмасында үстем болды. Макдоналд қорғаныста жатып алмай, қарсы соққылармен жауап беруге тырысты, бірақ оның доптары көп жағдайда алаң сыртынан табылды. Бірінші партия Сеппидің пайдасында. Маккензи Макдоналд екінші сетте ойын өрнегін өзгерткендей болды. Допты ойынға қосуы да сәтті шықты. Сеппи болса керісінше сылбыр ойнады. Бұл партияда америкалық теннисші жеңіске жетті. Теннисшілер үшінші сеттің ортасына дейін брейктермен алмасқан. Макдоналд белсенді көрінді, әр соққысы діттегенге жетіп, жетінші геймде қарсыласын қапы қалдырды. Тізгінді беріп қойған Сеппи қателікке жиі бой алдыра бастады. Матч соңы толықтай АҚШ спортшысының есебіне жазылды: 3:6, 6:3, 6:3.

Евсеев жұптық турнирдегі кездесулерін аяқтады

Қазақстандық Денис Евсеев пен мысыр теннисшісі Мохамед Сафват жұбы 1/8 финалда Израиль спортшысы Йонатан Эрлих пен Белоруссиядан келген Андрей Василевский жұбына 6:3, 6:3 есебімен жеңіліп қалды. Евсеев пен Сафват әріптестерінің соққысына сауатты жауап қайтарған, бірақ шешуші сәттерде қателіктері көп болды. Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан турнир аяқталуға жақын. Бүгін теннисшілер жекелей және жұптық сынның ширек финалдық кездесулерін өткізеді. Қазақстанда алғаш рет өтіп жатқан ATP 250 турнирінің жалпы жүлде қоры 275 мың доллар. Коронавирус пандемиясына байланысты жарыс жанкүйерсіз өтіп жатыр. Матчтардың барлық трансляциясы QAZSPORT арнасы арқылы таратылады.