Елордада газ баллондарын қолданатын кәсіпкерлік нысандар тексерілді

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада газ баллондарын қолданатын кәсіпкерлік нысандар тексерілді
ашық дереккөз

Газ инспекциясы және көтергіш құрылымдарды бақылау бөлімінің маманы Думан Жайылбеков жоспар бойынша күніне 10 кәсіпкерлік нысанды аралап, жыл соңына дейін 4 аудан бойынша 1000-ға жуық тамақтану орнының тексерілетінін айтты. «Мемлекет кәсіпкерлерді қолдау үшін барлық жағдайларды жасайды, тексерулерге мораторий жарияланды. Біз қазір газ баллондарын қалай пайдалану керек екенін түсіндірдік. Баллондардың техникалық ақауларын анықтап, өздеріне ескерттік. Мәселен, «Джек и Чан» дәмханасында газ баллондар жылу көздеріне өте жақын тұр, 5 метрлік арақашықтық сақталмаған. Екіншісінде, газ баллоны асханада орналасқан, тіпті 4 баллон бір-біріне өте жақын, бұл – өте қауіпті. Сонымен қатар газ баллондарын көрінген жерден сатып алған екен, тіпті қай фирманың тауары екенін өздері білмейді. Барлығына ескерту жасалды, 10 күннің ішінде түзетулері тиіс», - дейді ол. Сонымен қатар шара барысында жанармай құю бекеттерінде баллондарға пропан құюға, баллонды суықтан бірден ыстық жерге кіргізуге, оны жылу көздеріне жақын орналастыруға және тексерілмеген баллонды пайдалануға тыйым салынатыны айтылды. Коррозиялық газдармен толтыруға арналған баллондар (хлор, метилхлорид, фосген, күкіртті сутек, күкірт диоксиді, хлорсутек және басқалары) кем дегенде 2 жылда бір рет тексерілуі тиіс. «Мұндай түсіндіру жұмыстарының ұйымдастырылып жатқаны бізді қуантады. Себебі өзіміздің кем-кетігімізді біліп алдық, ережелерді енді ұмытпаймыз. Бізге айтылған ескертулер өте орынды. Соның ішінде газ баллондарын асханадан алыста орналастыру қажет екен. Мәселен, дәмханадан 10 метр қашық болу керек. Бүгіннен бастап бұл мәселенің оң шешімін табамыз», - дейді «Giraffe» дәмханасының жетекшісі Нұржан Искаков. «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңға сәйкес, сұйытылған мұнай газын екі қабаттан жоғары көпқабатты тұрғын үйлердегі тұрмыстық баллондарда сақтауға және (немесе) пайдалануға тыйым салынады. Газ тұтынатын жүйелер мен газ жабдықтарының иелері олардың тиісті техникалық жағдайы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ