Нұр-Сұлтанда әлеуметтік маңызы бар сегіз ұзақмерзімді жоба жүзеге асырылуда
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Нұр-Сұлтанда әлеуметтік маңызы бар сегіз ұзақмерзімді жоба жүзеге асырылуда](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172114619433869616.webp)
Форумда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов алғашқы болып сөз алды. «Тәуелсіздік алмай тұрған кездің өзінде үкіметтік емес ұйымдар көптеген қоғамдық мәселелердің басы-қасында жүрді. «Невада-Семей» қозғалысы Арал қорын құтқару, «Бөбек» қорының атаулары посттоталитарлық еркін қоғамның қауымдастығында өмір сүріп жатқан әр қазақстанның есінде болуы тиіс. Сондықтан ІХ республикалық азаматтық форум еліміздің тәуелсіздігінің отыз жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Бүгінде әлеуметтік саланы үкіметтік емес ұйымдарсыз елестету қиын. 5,5 мың ҮЕҰ белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Жалпы, Қазақстанда 20 мыңнан аса ұйым тіркелген. Бұл тек цифр ғана емес, бұл пікірлес, үндес адамдардың бір арнаға тоғысып, елімізді жақсы жаққа өзгертуге күш салып жатқан қозғалтқыш күші. ҮЕҰ – бүгінде түрлі тақырыпты кең көлемде қамтып жүрген әлеуметтік саладағы үлкен күш», – деді ол. Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен 2018 жылы өткен VIII қалылық Азаматтық форумның нәтижесінде жүзеге асырылған бірқатар жүйелі жұмыстары үшін қоғамдық ұйымдарға ризашылығын білдірді. «Мысалы, Нұр-Сұлтанда азаматтық бастамалар орталығы құрылып, онда ондаған ҮЕҰ әртүрлі бағыт бойынша көмек алуда. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды ұзақмерзімді қаржыландыру еселеп өсті. Үш жылға жоспарланған әлеуметтік маңызы бар бағыт бойынша сегіз ұзақмерзімді жоба жүзеге асырылуда. Мұндағы басты міндет – жобаның сабақтастығын сақтай отырып, оның әсерін күшейту. Өйткені 12 ай ашық болуы керек болған кейбір орталықтар қағазбастылықтың салдарынан және бюджеттің қысқартылуына байланысты тек 6-8 ай жұмыс істеді», - деді Б.Мәкен. Оның айтуынша, қалада отбасылық-демографиялық, гендерлік мәселелер бағытындағы қоғамдық ұйымдар саны үш есеге көбейген. «Өткен жылы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының ашылғанын мақтанышпен айтуға болады. Күн сайын 400 адам жоғары білікті мамандардың көмегін алады. Мұнда аз қамтылған отбасыларын қолдауға толық мүмкіндік қарастырылған. Азаматтар әлеуметтік сала бойынша кез келген мәселе жөнінде кеңес ала алады. Сонымен қатар отбасы және демографиялық қозғалыс, гендерлік мәселе жөнінде қоғамдық ұйымдар саны өткен жылмен салыстырғанда көбейді. Қазір бұл бағыт бойынша 44 ұйым жұмыс істейді. Сонымен қатар қалалық қоғамдық кеңес мүшелерінің санын да көбейттік. Бірін шақырылымда 14 болса, екінші шақырылымда олардың саны 22 болды», - деді қала әкімінің орынбасары.