Елордалық полицейлер әйелдерді тонаған ер адамды ізін суытпай ұстады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордалық полицейлер әйелдерді тонаған ер адамды ізін суытпай ұстады
ашық дереккөз

Жәбірленушінің айтуынша оқиға сағат 22.00-де орын алған. Белгісіз ер адам артынан жүгіріп келіп жерге құлатпақшы болған және қолынан ұялы телефонын тартып алғысы келген. Көмек сұрап айқайлаған дауыс өтіп жатқан адамдардың назарын аударған. Қылмыскер қорыққаннан оқиға орнынан қашып кеткен. Тонау жасауға оқталғаны туралы хабарламаны алғаннан кейін полиция қызметкерлері оқиға орнына тез арада шығады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталды. Полицияға жеткізілген күдіктіні жәбірленуші таныды. Полиция тергеу әрекеттерін жүргізу барысында ұсталған адамның белгілері бұрын екі әйел адамға шабуыл жасап оқиға орнынан қашып кеткен тонаушыға келетінін анықтады. "Жәбірленушілердің бірінің айтуынша кешке жақын үйіне келе жатқанда белгісіз адам басынан бірнеше рет ұрып, қолынан ноутбугын, жеке заттары салынған сөмкесін, ұялы телефонын тартып алған. Содан соң белгісіз бағытта жасырынып кеткен. Екінші жәбірленушінің айтуынша үйіне қайтып келе жатқанда қарсы келе жатқан ер адам қасынан өтіп кетіп, кенеттен артқа қайтқан. Артынан келіп, ұялы телефонын тартып алған. Ұсталған адам Өзбекстан Республикасының азаматы болып шықты. Жасаған іс-әрекетін мойындады", - делінген Полиция департаментінің хабарламасында. Әйелдердің бірінің ноутбугын және жеке заттарын жерге көміп тығып қойған. Ұсталған адам Уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.