Баланы ұрып тәрбиелеу. Психолог маманы садизмнің салдары туралы ой бөлісті
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Баланы ұрып тәрбиелеу. Психолог маманы садизмнің салдары туралы ой бөлісті](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17211527711335146.webp)
![](https://elorda.info/wp-content/uploads/2020/10/IMG_20201030_201629.jpg)
Ол сөзін жалғай отырып, садизмнің артында үлкен қайғы жатқанын тілге тиек етіп өтті. «Психологияда садизм деген ұғым бар, жіліктесек, зорлық-зомбылыққа бейімділік, басқаларды азаптау мен одан рахат алу дегенді білдірді. Жоғарыдағы әке — садист. Ол әкеден тәрбие алған бала болашақта дәл сол әрекетті жақындарына қайталап, достарына немесе айналасына күш көрсетуі мүмкін. Ит пен мысықты азаптап өлтіретін балалар статистика бойынша, садист отбасынан шығады. Біздің елімізде физикалық зорлық-зомбылық жағдайы үйдің есігінен әрі шықпайды. Бұл балаларға да, ересектерге де қатысты», — дейді М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің маманы. Әлжуаз ұрпақ тәрбиелеу «Ашуын баласынан алатын ата-аналар эмоциясын басқара алмайды, күйзелісімен күресе білмейді. Бала өз пікірі үшін ересек адамнан шапалақ алған кезде, ол өмір бойына сабақ та алады. «Өз пікірің бар болса, оны дауыстап айтсаң «денең ауырады». Мен ауырсынуды қаламаймын, сондықтан ешқашан өз ойым болмауы керек». Бала өзін осылай сендіреді. Болашақта әлжуаз немесе садист ұрпақ тәрбиеленіп шығады. Баланы ұрудың қасіреті көп. Бала жылағаны үшін таяқ жесе де, сабақ алады. Менің жылағаныма ата-анам шыдамайды. Демек, бүкіл әлем менің жылағанымды қаламайды. Бала психикасы олардан айырылып қалмау үшін «өз сезімдерімді көрсетпеуім керек» деген ақпаратты сіңіреді. 7 жасқа дейін бала ата-анасын «бүкіл әлем» деп қабылдайды. Осы уақытта берілген тәрбие мен қарым-қатынас өмір бойына іргетас. Кейбірі баласын қолдау мен қабылдау арқылы іргетасын қаласа, кейбір адамдар ұру, қорлау, төмендету арқылы іргетасын қалайды. Ол бала есейгенде сол іргетасымен өмірге қадам басады. Қазығұрттағы әкенің жағдайы да сондай», — дейді аталған оқу орнының психологы. Мен біреуге көмектесе аламын ба? Баланың өзіне деген сенімсіздігі «Зорлық-зомбылық құрбаны болған балаларда психикалық, физикалық және эмоционалды денсаулығында ауытқулар пайда болады. Адамдарға деген сенімсіздіктен бастап тұлғалық бұзылуларға (расстройства личности) әкеп соғады. Баланы ұрып-соғып тәрбиелеудің салдары әр баланың ішкі психикалық белсенділігі мен күшіне (рухына) байланысты. Біреуді ренжіткен жағдай басқаны суицид жасауға итермелеуі мүмкін. Мұндайды басынан кешірген бала болашақта ата-анасынан теріс айналуы мүмкін. Сондықтан, баланың миында менің үйім — ең қауіпсіз жер деген түсінік болуы керек. Жоғарыдағы жағдайға байланысты айтсам, кеңестер мен ұсыныстар әрекет етпейтін сөздер деңгейінде қалады. Ол әкеге ұзақ мерзімді терапия қажет. Терапия барысында балаға сөз ұқтырудың сау формасы, оңай жолдары бар екенін психолог маман жеткізуі керек. Қазіргі заманда ақпарат көп нәрсені шешеді, оны көпшілікке жеткізу маңызды. Басқаларды айыптауды тоқтатып, айналаңызға назар аударыңыз. Өзіңізден «Менің жақындарым мен таныстарымның арасында осындай отбасылар бар ма? Мен біреуге көмектесе аламын ба?» деп сұраңыз», — дейді психолог.