Қоғамдық белсенділер елордада мектептегі тамақтану комбинатын құруды ұсынды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Қоғамдық белсенділер елордада мектептегі тамақтану комбинатын құруды ұсынды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172115276249292326.webp)
Кездесуге қалалық прокуратура, активтер және Мемлекеттік сатып алу басқармасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің астаналық филиалының өкілдері, қоғам қайраткерлері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыстың белсенділері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Нұр-Сұлтан қаласында 86 мектеп жұмыс істейді. Тамақтандыруды ұйымдастыру конкурсына 46 ұйым қатысты. Ішкі мемлекеттік аудит департаменттеріне тексеру жүргізілді. Аудиторлық тексеру барысында орта білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыру ережелерін бұзу анықталды. Олардың қатарында комиссиялардың дұрыс жұмыс істемеуі, жекелеген жеткізушілердің мүдделерін қолдау, балдық жүйедегі өрескел қателіктер бар.
«Екі ай ішінде жұмыс тобы 1-4 сынып аралығындағы балаларды, ата-анасынан айырылған балаларды және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды тамақпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша мониторинг жүргізді. Осыған байланысты құқық қорғау органдары, бағдарлама операторлары, бірыңғай тендер өткізу операторы, бақылау-тексеру қызметтері біздің қоғамдық-мониторингтік анықтаманы алды», - деді «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ елордалық филиалының директоры Дәулеткерей Рахметуллин.
«Хазар» әзербайжан қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, кәсіби медиатор Әсел Сайлаубай бірінші кезектегі міндет балалардың денсаулығы, тиісінше тамақтану сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, қоғам белсендісі «Атамекен» ҰКП жеткізушілерді таңдау ережелерін қайта қарауы тиіс екенін атап өтті.
Өз сөзінде Дәулеткерей Рахметуллин мемлекеттік кәсіпорын – қаланың барлық мектептерін тамақпен қамтамасыз ете алатын тамақтану комбинатын құруды ұсынды.
Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП астаналық филиалының өкілі Саят Тұржанов бұл мәселе 2018 жылы талқыланғанын атап өтті.
«Мектептегі тамақтану комбинатына қатысты айтарым, бұл мәселе 2018 жылы қаралды, тіпті Балалар құқығын қорғау комитетінің өкілдері, «Атамекен» өкілдері кіретін жұмыс тобы құрылды. Бірақ бұл мәселе МЖӘ тетігі есебінен іске асырылуы тиіс. Бұл механизмді толығымен іске асыру үшін ережелерге өзгерістер енгізу қажет. Кәсіпкерлер мұндай қадамға баруға дайын, бірақ оларға қаражат салу үшін мұндай механизмнің кері байланыс беретініне сенімділік қажет. Сондай-ақ, олар алдағы 2-3 жылда бұл іспен айналысатынына сенімді болуы керек. Әйтпесе, қазір олар құрал-жабдыққа қаражат жұмсайды, содан бір жылдан кейін басқа кәсіпкер таңдалады. Қалай болғанда да, біз бұл мәселені пысықтауға дайынбыз», - деп түсіндірді Тұржанов.
Кездесу соңында «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ елордалық филиалының басшысы барлық ұсыныстар ескеріліп, құзыретті органдарға жіберілетініне сендірді.