Астаналық ғалым екінші рет әлемдегі ең үздік ғалымдардың қатарына енді
Еуразия ұлттық университетінің профессоры Рәтбай Мырзақұлов екінші жыл қатарынан әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2% рейтингіне енді, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Белгілі қазақстандық теориялық физик Стэнфорд университетінің екі рейтингінде де Scopus дерекқорында жарияланым белсенділігі мен дәйексөз көрсеткіштері бойынша ұсынылған.
Биылғы қазан айында жарияланған рейтингте әлемнің үздік 100 000 ғалымының жетістіктері 22 ғылыми сала бойынша талданған. Үміткерлер Scopus дерекқорындағы жарияланымның жоғары белсенділігі мен авторлардың дәйексөздері негізінде таңдалды.
ЕҰУ профессоры Рәтбай Мырзақұлов екінші жыл қатарынан екі рейтингтен де орын алды. Оның біріншісіне соңғы бір жылда ең көп сілтеме жасалған ғалым ретінде енсе, екіншісінде бүкіл еңбек жолында әлемдегі ең көп сілтеме жасалған ғалымдар қатарында көрсетілген.
Мен үшін бұл жетістіктің маңыздылығы – біздің ғылымды әлем жұртшылығы мойындады. Университетіміздің, еліміздің осындай деңгейге жеткеніне қуаныштымын. Мұндай нәтижеге еңбек арқылы қол жеткізуге болады деп айта аламын, - деп атап өтті ЕҰУ профессоры.
Жыл сайынғы рейтингті Стэнфорд университетінің сарапшылары Elsevier ғылыми баспасының соңғы мәліметтері бойынша жүйелі библиометриялық зерттеулер негізінде жасайды. Зерттеу екі дерекқордан тұрады. Бірінші тізімде жалпы мансаптық жолында ең көп сілтеме жасалған ғалымдар көрсетілсе, екіншісінде соңғы жылда ең көп сілтеме жасалған ғалымдар ұсынылады.
Айта кетейік, академик Рәтбай Мырзақұлов 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы, 300-ден астам мақала импакт-факторы жоғары шетелдік журналдарда жарияланған. Қазіргі уақытта профессор Мырзақұловтың Scopus бойынша Хирш индексі 48-ге тең, ал сілтеме индексі 8 189-ға жетеді.
2022 жылы ЕҰУ профессоры ғылыми жетістіктері үшін физика және астрономия бойынша халықаралық Scopus сыйлығымен марапатталды.
Ғалым Рәтбай Мырзақұлов оныншы жыл қатарынан ҚР профессор-оқытушылар құрамының бас рейтингінде де көш бастап келеді.