Елордалық оқушы еліміздің медицинасына үлесін қосқысы келеді
Лейланың анасы Жаңылдың айтуынша, оның тілі ерте шыққан.
Бұл перзентті ұзақ күттік. Содан болар, ерекше қабілетті деп айтар едім. Лейланың 2 жасында немере ағасы Сұлтан «Лалагүл, мынау саған» деп әріптердің жиынтығын сыйлаған еді. Соны қолынан тастамай, 1 ай ішінде әріптерді үйреніп алды. Талпынысын көріп, мектепалды даярлық кітаптарын сатып алып, бірге үйрендік. 4 жасқа дейін жазу мен оқуды меңгеріп алды, – дейді анасы.
Лейла 2-сыныптан бастап домбыра үйірмесіне қатысқан. Республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері. Көптеген күйді домбырада ойнай алады.
2-сыныптан бастап домбыраға қатыстым. Балабақшада жүргенде қобызға қатты қызықтым. Ол кезде музыкалық мектепте қобыздан мұғалім жоқ болды. Сосын анам «ұлттық аспабымыз домбыраға қатысып көр» деген ұсыныс айтты. Осылайша 4 жыл домбыраны меңгеріп кеттім. Өзіме ұнайды. Байқауларға қатысып, шыңдала түстім деп айтар едім, – деді ол.
Ол кішкентай кезінен үйірмелерге қатысқан. Мектептегі шараларда жүргізуші болғанды жақсы көреді.
Алғашында қолөнерге қатыстым. Неше түрлі әшекей бұйымдарды безендіретінмін. Кейін 6-7 жасымда көркемсуретке бардым. Қазір арасында сурет салып тұрамын. Ал қазір информатика мен программалауға қызығып жүрмін. Программалау үйірмесі мектепте ашылды. Сол кезде қызықтым. Мысалы, робот жасаған кезде түрлі кодтар пайдаланылады. Соның бәрін білгім келді. Қазіргі ең танымал программалау тілі Питон саналады. Болашақта тағы осындай тілдер шықса, соларды үйрену – мақсатым, – дейді Лейла.
Қазақстан тарихына байланысты және фантастикалық фильмдер қарағанды ұнатады. Мүлде музыка тыңдамайды.
Бос уақытымда әлі де өзімнің ашылмаған қабілеттерімді ашуға тырысамын. Тігін тігемін. Жақында отандық «Ахмет – ұлт ұстазы» сериалын көрдім. Қатты есімде қалды. Ең жақсы фильм деп айтар едім. Себебі сол кездегі шындықты көрсете білген. Патша билігінің әділетсіздігі, Ахмет Байтұрсынұлының тұлға ретінде ерекшелігі, қазақ жастарының білім алуына жағдай жасап, сол үшін еңбек еткені керемет көрсетілген.
Күнімді жоспарлаймын. Сабақ біткен соң үй жұмыстарының барлығын орындап, сол күні жіберуге тырысамын. Алдын ала тақырыптарды оқып, ізденген ұнайды. Келесі күні түсіндірген кезде жақсы түсініп аламын. Сосын далаға шығып серуендеймін. Информатика, физика, алгебра, геометрия пәндерін жақсы көремін. Теориялық есеп-талдауларын жақсы көремін. Есептерді қиын деп жатады. Бірақ мүлде олай емес. Алдымен қарапайым есептерді шығару қажет. Шығарған кезде шартын түсінсе, күрделі деп айтпас едім.
Ағылшын, орыс тілдеріне жүйрік Лейланың арманы көп. Қазақстанның болашағы туралы жиі толғанады.
Арманым көп. Еліме медицина саласына үлес қосқым келеді. Мысалы, Менделеевтің кестесіндегі барлық элемент Қазақстанда бар. Біз – өте бай елміз. Алайда осы саланы дамытатын адам жоқ. Болашақта Қазақстаннан өндіретін дәрі-дәрмектерді көп шығарғым келеді. Көлік өндірісі де дамыса, өте жақсы болар еді, – дейді оқушы қыз.
Қазір менің замандастарым орысша сөйлеуге құмар әрі сән деп ойлайды. Тарихымызды да көп біле бермейді. Осы мәселе мені қатты алаңдатады. Ол үшін тіл мен тарихқа жастардың қызығушылығын арттыру керек деп санаймын.
Сынып жетекшісі Ақбота Жандарқызының айтуынша, Лейла – өте ұялшақ, ұяң.
Лейла – қазақи тәрбиеде өскен оқушыларымның бірі. Көбінесе физика-математикаға өте жақын. Сыныптастарына, қасындағы адамдарға үнемі көмектесіп жүреді. Кейде оқушыларға сабақты түсіндіреді. «Дайын мұғалім» деп жатамыз. Гуманитарлық бағыттағы пәндерге де жақсы. Кез келген ортаға тез сіңісіп кетеді. Лейланың домбыра тартатынын былтыр ғана білдік. Себебі карантин кезінде анасы домбыра үйірмесін іздейтінін айтқан еді. Оған дейін өзі де айтпады, біз де сұрамаппыз. Ұлт дәстүрін жаны сүйеді. Мектептен тыс шараларға барған кезде қазақи сырға, алқаларды жиі тағып жүреді, – деді ұстазы.
Лейланың анасы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Әкесі – құрылысшы-архитектор.
Лейла ұлт туралы көп ойланады. «Біздің мемлекетте көп нәрсені дамытқым келеді. Адамдардың қиналғанын көргім келмейді. Қалай көмектесуге болады?» деп жиі айтып жүреді. Жұмсақ мінезді болғасын көп нәрсені жүрегіне қатты жақын қабылдайды. Болашағынан көп үміт күтемін, – дейді А.Жандарқызы.
Айзада Жайыққызы