Қазақстан Қытайға флекстанк арқылы алғашқы күнбағыс майын экспорттады

Бүгін, 21:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views39
Қазақстан Қытайға флекстанк арқылы алғашқы күнбағыс майын экспорттады
Фото: Pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысынан Қытайдың Цзянсу провинциясындағы Нантонг қаласына 156 тонна күнбағыс майы тиелген алғашқы партия жөнелтілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл жүк жеткізу Қазақстан мен Қытай теміржол әкімшіліктерінің келісімі бойынша пилоттық жоба аясында жүзеге асырылды. Жөнелтімге «ҚТЖ» ҰК» АҚ пен Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы (МДҚӨҰҚ) ұйытқы болды.

Жүк 40 футтық контейнерлердегі флекстанктар арқылы тасымалданды. Бұл – сұйық жүктерді тасымалдауға арналған арнайы икемді резервуар.

«Флекстанктар жүк тиеу-түсіру уақытын қысқартып, логистикалық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Осы заманауи технологияны қолдану арқылы жүк тасымалы Қазақстан мен Қытай арасындағы негізгі сауда бағыттарының бірі – Достық – Алашанькоу шекара өткелі арқылы өтті», - делінген хабарламада. 

Бұл бастама 2026–2028 жылдарға арналған май-тоң май өнімдері экспортының даму жол картасына енгізілген. Жобаның басты мақсаты – 2028 жылға қарай экспорттан түсетін валюталық түсімді 1 млрд АҚШ долларынан асыру.

МДҚӨҰҚ басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимовтің айтуынша, бұл заманауи логистикалық шешімдер қазақстандық май өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экспорт географиясын кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер береді. 

Болашақта Қытайдан бөлек, Таяу Шығыс елдері (БАӘ, Катар, Кувейт, Сауд Арабиясы) мен Оңтүстік Кавказ (Әзербайжан, Армения) бағыттарына да экспортты дамыту жоспарланып отыр.