Қазақстан мен Руанда туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуды талқылады

Бүгін, 14:29
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстан мен Руанда туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуды талқылады
Фото: Туризм жəне спорт министрлігінен

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Руанда Республикасының Түркия және Қазақстандағы (қоса атқарушы) елшісі Чарльз Кайонгомен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Басқосу барысында тараптар туризм мен спорт салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Ербол Мырзабосынов Қазақстанда спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

«Алматы облысында Олимпиадалық даярлық базасы бар. Онда бір мезетте 23 олимпиадалық спорт түрінен 2 300 спортшы жаттыға алады. Бұл – ауқымы жағынан Орталық Азиядағы ең ірі спорттық нысандардың бірі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Руанда спортшыларын Қазақстанға бірлескен оқу-жаттығу жиындарына шақырамын. Біз байланысты одан әрі бекемдеп, қосымша оқу-жаттығу жиындарын, жаттықтырушылар мен мамандар алмасу мүмкіндігін қарастыруға дайынбыз», - деді министр.

Сондай-ақ Ербол Мырзабосынов туризм саласының екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыты екенін атап өтті. Бүгінде Руанда – әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан туристік бағыттардың бірі. Бұл елдің қолайлы климаты мен бай табиғи әлеуетінің жемісі.

«Қазақстан географиялық тұрғыдан тиімді орналасқан. Табиғи және рекреациялық ресурстарға, ландшафттық әртүрлілікке ие. Қазақстанда Руандадан келген туристерге ұсынатын көп дүние бар: іскерлік және білім беру сапарларынан басқа, туристер табиғатта демалуға қызығушылық танытады. Ресурстар мен орындардың көптігі нәтижесінде туризмнің барлық дерлік түрі дамып отыр: экотуризм, этнотуризм, іскерлік және тау шаңғысы туризмі және басқалар», – деді министр.

Кездесу соңында Ербол Мырзабосынов туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін Руанданың туристік компанияларын 2026 жылдың сәуір айында Алматыда өтетін жыл сайынғы қазақстандық «Туризм және саяхат» халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды.