Алматыда автокөлік өндіретін мультибрендті зауыт іске қосылады

2 қыркүйек, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views73
Алматыда автокөлік өндіретін мультибрендті зауыт іске қосылады
Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасын әртараптандыруға жол ашатын жобаларға тоқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

 

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан тау-кен металлургиясы кешенін дамыту үшін стратегиялық маңызы бар бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр.

– Бұл іске Қытайдың ірі компаниялары атсалысуда. Мысалы, Fujian Hengwang Investment компаниясының Жамбыл облысында металлургия зауытын салу жобасын атап өтуге болады. Зауыт жылына үш миллион тонна болат өндіруге мүмкіндік бермек. Ал Jiaxin International компаниясы Алматы облысындағы Бұғыты кенішінде вольфрам кенін өңдеу жобасын іске қосты. Құрылыс индустриясында қытайлық кәсіпкерлермен табысты байланыс орнатылды. Атап айтқанда, China Glass компаниясы Қазақстан үшін теңдесі жоқ шыны зауытының жобасын жүзеге асырды. Жақында Алматы қаласында автокөлік өндіретін мультибрендті зауыт іске қосылады. Зауыт жылына 120 мың көлік шығарады. Соның ішінде GWM (Great Wall Motor), Chery және Changan көліктері бар. Сонымен қатар Алматыда электробус шығаратын BYD компаниясының зауыты іске қосылмақ. Бұл жобалар Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға жол ашады. Сондай-ақ еліміздің экспорттық қуатын арттыруға мол мүмкіндік береді. Жалпы, осындай мысалдар көп, олардың барлығын атап өтуге ұзақ уақыт керек болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.