Ақылмен жұмсалған аз ақша – үлкен табыстардың бастауы
Ақылмен жұмсалған аз ақша – үлкен табыстардың бастауы
Нарықтық қоғамда қаржылық сауаттылық әр адамға қажет. Бұл әуелі біріншіден қарапайым жеке және отбасы бюджетін дұрыс жүргізу, несиені ақылмен алу сияқты өзге де маңызды жағдайлардан хабардар болу үшін керек. Қазіргі таңда неге микроқаржы ұйымдарынан қарыз алушылар саны азаймай тұр? Қолда бар қаражатты қалай ұтымды жұмсауға болады? Қаржы саласындағы осы және өзге де маңызды сұрақтарға экономист Мақсат Халық жауап берді.
Ақылмен жұмсалған аз ақша – үлкен табыстардың бастауы. Қаржылық сауатсыздықтың салдарынан жиған-тергенін қаржылық пирамидаларға салып, алданып қалып жатқан жандар аз емес. Сарапшы бұл мәселедегі негізгі екі себепке тоқталды.
Біріншіден, көп азаматтар психологиялық тұрғыда «тез арада байып кетсем» деп ойлайды. Ал оған жетудің «жолы» көбіне қаржы пирамидаларының өкілдері ұсынады. Мәселен, «миллион теңге салсаңыз, 2 айда 2 миллион теңгеге айналады» деп сендіреді. Ал тез арада мол қаржыға кенелгісі келгендер «мен несие алсам да, оған қаржы саламын. 2 айдан соң ол ақша көбейеді. Кейін несиені де жауып тастаймын» деп ойлайды. Ал егер несиеге бермесе, онда көлігін сатады болмаса қарызға ақша алады. Сөйтіп, көп азаматтар нәтижесінде алданып жатыр. Дәл осындай сценарийлерді күнделікті өмірде әлеуметтік желілерден, жаңалықтардан естіп-біліп жүрміз.
Екіншіден, қазір халықтың әлеуметтік жағдайы төмен. Егер халықтың табысы жеткілікті болса, онда олар мұндай эмоционалды шешімдер қабылдамайды. Әсіресе елде экономикалық қаржылық дағдарысты алаяқтар ұтымды пайдаланады, - деді экономист.
Мақсат Халықтың айтуынша, егер кімде-кім сізге қандай да бір ұйымға ақша салуға кеңес берсе, жылдам шешім қабылдаудан аулақ болыңыз. Әуелі оған күмәнмен қарап, ұйым жайлы барлық ақпаратты тексерген жөн. Қазір көбінесе қаржылық сауаты төмен азаматтар алаяқтардың тұзағына түседі.
Халықтың көбісінің жабылмаған тұтынушылық несиесі бар. Оған қоса, микроқаржы ұйымдарынан қарыз алушылар саны азаймай тұр. Бірінші кредит бюросының зерттеуінше, шағын несиені көбінесе 40 жасқа дейінгі азаматтар алады. Олардың орташа қарыз көлемі - 50 мың теңге. Бұған қатысты экономист өз пікірін білдірді.
Көбісі мұқтаждықтың әсерінен пайызы жоғары болса да, амалсыздан осындай ұйымдарға жүгінеді. Алайда кейбіреулері уақытында қайтара алмай, салдарынан пайыздары өсіп кетіп жатыр, - деді Мақсат Халық.
Оның пікірінше, қаржылық сауаттылықты балаға 7 жастан бастап үйреткен жөн. Мектеп жасынан бастап оған ақша жинауды, өз бетімен бар ақшасын басқаруды және жұмсауды үйреткен жөн. Ал 10 жастан бастап жеке банк карточкасын ашқан дұрыс.
Қолда бар қаржыны ұтымды жұмсау үшін әр адам белгілі бір деңгейде қаржылай сауатты болуы керек дейді мамандар. Адам қаражатын басқаруда сауатты болған сайын соғұрлым ол қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізеді.
Неге адамдардың көбісі депозитте ақша жинай алмайды? Себебі бізде азаматтарда жинау тәртібі мен әдебі қалыптаспаған. Оның тағы бір себебі – табыстың төмендігі. Халықтың айлығы шайлығынан артылмайды. Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, әр адамның кем дегенде 6 айға жететін ақшасы болуы керек, - дейді сарапшы.
Сондай-ақ экономист қаражатты қалауыңыз бойынша емес, аса керекті тізімге енген шығындарды жоспарлағаннан асырмай жұмсауға тырысқан жөн дейді. Егер бұлай істемесеңіз, қарызға белшеңізден кіріп кетуіңіз әбден мүмкін. Ал қарыз бен несиенің күліп кіріп, жылап шығатынын естен шығармаған дұрыс.
Кез келген дағдарыстан шығудың кілті қаржылық сауаттылық екенін естен шығармайық.