Ақшалай есеп айырысулар кезінде бақылау-кассалық машиналарын қолдану қажеттілігі ескертілді


Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлік субъектілерінің барлық түрдегі ақшалай есеп айырысулар кезінде, оның ішінде қолма-қол ақшамен, банк карталарымен, сондай-ақ QR-кодтар арқылы мобильді төлемдер кезінде бақылау-кассалық машиналарды міндетті түрде қолдану қажеттілігіне назар аударады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес, ел аумағындағы барлық ақшалай есеп айырысулар Мемлекеттік тізілімге енгізілген үлгідегі БКМ қолдану арқылы жүргізілуі тиіс. Ақшалай есеп айырысуларға қолма-қол төлемдер, төлем карталары арқылы (POS-терминалдар арқылы), сондай-ақ мобильді төлемдер, оның ішінде QR-төлемдер жатады. Бұл талаптан кейбір салық төлеуші санаттары, мысалы, жеке тұлғалар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, медиаторлар және банктер Салық кодексіне сәйкес босатылады.
Алайда соңғы уақытта кәсіпкерлердің тауарлар мен қызметтер үшін банк карталарымен немесе мобильді қосымшалар арқылы төлеу кезінде тұтынушыларға тек POS-терминал чектерін беріп, БКМ қолданбайтын жағдайлары жиілеп кетті. Мұндай әрекеттер салық заңнамасын бұзу болып табылады және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Айта кету керек, нарықта БКМ мен POS-терминалдардың функцияларын біріктіретін шешімдер бар. Мысалы, Kaspi Pay POS-терминалдарын Kaspi Kassa БКМ-мен біріктіруге болады, бұл кәсіпкерлерге төлем қабылдау мен операцияларды фискализациялау функцияларын бір уақытта орындауға мүмкіндік береді және заңнама талаптарына сай болуды қамтамасыз етеді.



