Елімізде сирень бұтақтарын рұқсатсыз жұлған адамға айыппұл салынады

Елімізде сирень бұтақтарын рұқсатсыз жұлған адамға айыппұл салынады
Фото: freepik

Мамыргүл (сирень) бұтақтарын жұлған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қомақты айыппұл төлеуі мүмкін бе? Elordainfo.kz. тілшісі мұның анық-қанығын заңгерден сұрап-білді.

Кей тұрғындар ауласында өсіп тұрған гүлдерді рұқсатсыз жұлып алғандарға шағымданғаннан соң, бұл тақырып әлеуметтік желіде кең резонанс туғызған болатын. Сонымен, сирень бұтақтарын жұлған адамды қандай жаза күтіп тұр? Мұны заңгер Қымбат Туренова Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі 381-1-бабымен байланыстырды.

«Мұндай әрекеттер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 381-1-бабына жатады және жасыл желектерді заңсыз кесуге немесе бүлдіруге теңестіріледі. Бұл тек саябақтар мен алаңдарға ғана қатысты емес, тіпті көпқабатты үйлердің кіреберісіндегі немесе жекеменшік аумақтағы әр бұта да  заңмен қорғалған. Рұқсатсыз оған қол тигізуге болмайды. Мұндайда айыпты адам 50 АЕК, яғни 196 600 теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін.

Сонымен қатар сирень жеке меншік аумағында өссе, иесі өтемақы талап етуге құқылы, біреу өсімдікті жұлып алса немесе зақымдаса, моральдық зиян келтіреді. Бірақ бұл жерде екіжақты қаралады. Иесі рұқсат берсе, шара қолданылмайды, ал ауласына рұқсатсыз кіріп өсімдікті жұлса, онда жауапкершілікке тартылады», - дейді заңгер Қымбат Туренова.

Оның айтуынша, бұл тек сиреньге ғана байланысты емес. Жалпы ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау айыппұл салуға негіз болып саналады.