Елімізде фастфуд пен зиянды тағам өнімдерінің жарнамасына шектеу қойылады


Қазақстанда құрамында қант, тұз және май мөлшері жоғары өнімдерді бағалау жүйесін енгізу жұмыстары басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, бұл жүйе болашақта әсіресе балаларға бағытталған маркетингті шектеуге мүмкіндік береді.
Осылайша, «қоректік заттардың профилін анықтау» әдісі қолға алынды. Бұл әдіс өңделген тағам өнімдерін жіктеп, олардың арасынан денсаулыққа зиянды болуы мүмкіндерін анықтауға көмектеседі. Бұл – жұқпалы емес аурулардың, соның ішінде қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдер арасында жиілеп кеткен семіздіктің алдын алуда аса маңызды құрал.
Комитет бұл жүйені 2025–2026 жылдарға арналған салауатты тамақтану жөніндегі Жол картасына енгізді. Құжаттың негізіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстары алынған. ДДСҰ зиянды тағам өнімдерін агрессивті жарнамалау денсаулыққа зиянды тамақтану дағдыларына алып келетінін мойындаған.
«Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, балалар фастфуд, тәтті сусындар мен кондитерлік өнімдер өндірушілерінің жарнамалық науқандарына жиі алданады. Мұндай маркетингтік тәсілдер ерте жастан бастап балалардың талғамы мен тұтынушылық мінез-құлқына әсер етеді. Жаңа жүйені енгізу жарнаманың ықпалын бақылап, сараптауға және зиянды өнімдердің насихатын шектеуге бағытталған шараларды қабылдауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті комитет.



