Бибигүл Жексенбай: Дәстүрлі емес медицинаға қатысты құқықтық реттеудің болмауы – науқастар денсаулығына қауіп төндіреді

Бүгін, 14:18
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Бибигүл Жексенбай: Дәстүрлі емес медицинаға қатысты құқықтық реттеудің болмауы – науқастар денсаулығына қауіп төндіреді
Фото: parlam.kz

Сенатор Бибигүл Жексенбай депутаттық сауалында дәстүрлі емес медицина саласына байланысты өзекті мәселеге назар аударды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, бұл бағыттағы құқықтық реттеудің болмауы – пациенттердің денсаулығына қауіп төндіріп, көрсетілетін қызметтердің сапасын төмендетеді әрі медициналық білімі жоқ тұлғалардың емдеу ісіне араласуына жол ашады.

«Мәселелер мен тәуекелдерге тоқталсақ, дәстүрлі емес медицина саласын нақты заңнамалық реттеудің болмауы келесі мәселелерге әкеледі. Пациенттердің денсаулығына қауіп: дәлелденбеген немесе қауіпсіз емес емдеу әдістерін қолдану денсаулық жағдайының нашарлауына немесе асқынулардың дамуына әкелуі мүмкін. Бақылау және жауапкершілік механизмдерінің жоқтығы: пациентке зиян келтірілген жағдайда, жауапкершілікке тарту және зардап шеккендердің құқықтарын қорғау үшін нақты механизмдер жоқ», – деді сенатор.

Ол сонымен қатар, халықаралық тәжірибе болғанына қарамастан, Қазақстанда дәстүрлі емес медициналық қызметті реттейтін нормалар 2006 жылы жойылғаннан кейін бұл сала мүлде құқықтық кеңістіктен тыс қалғанын атап өтті. Бұл жағдай өз кезегінде тиісті дайындығы мен бақылауы жоқ жосықсыз мамандардың қызмет көрсетуіне мүмкіндік берген.

«Қазақстан Республикасында пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және дәстүрлі емес медицина саласындағы қызметтердің сапасын арттыру үшін осы саланы заңнамалық реттеу шараларын қабылдауды қарастыру; лицензиялау және сертификаттау жүйесін енгізу, дәлелдерге негізделген рұқсат етілген әдістер мен практикалардың тізілімін жасау керек. Бұл азаматтардың денсаулығын қорғауға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және тиімді әрі қауіпсіз дәстүрлі емес медицина әдістерін көлеңкелі аймақтан шығаруға мүмкіндік береді», – деді Бибигүл Жексенбай өз мәлімдемесінде.