Қазақстандағы донор тапшылығын қалай шешуге болады

Қазақстандағы донор тапшылығын қалай шешуге болады
Фотоколлаж: kursiv.media

Бүгінде Қазақстанда төрт мыңнан астам адам ағза донорын күтіп отыр. Дәрігерлер жыл сайын елімізде «Күту парағындағы» 300-ге жуық науқас донор тапшылығынан қайтыс болатынын, ал бұл тізімге жылына сонша адам қосылатынын айтады. Науқастар ағза тапшы болғандықтан, оны «қара нарықтан» іздеуге, кейде трансплантацияны шетелде жасатуға мәжбүр, деп хабарлады Elordainfo.kz kursiv.media сайтына сілтеме жасап. 

Олай болса, елдегі донор тапшылығы мәселесін қалай шешуге болады, осы сұраққа жауап іздеуге тырыстық. 

Алдымен шағын дисклеймер: Бұл материал ешкімді ағзасын беруге немесе бермеуге үгіттемейді. Елімізде қалыптасқан проблеманы көтеріп, оны шешу жолын ұсынады. 

Ағзаның 84% көзі тірі донордан алынады 

Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, былтыр адам саудасына байланысты 197 қылмыс тіркелген. Оның ішінде Қылмыстық кодекстің «Адам ағзасы мен тiнін алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою туралы» 116-бабымен 22 іс тіркелген. Айта кетерлігі, 2020-2022 жылдары адам ағзасын сату фактісі болған емес. Ал 2023 жылы ағза сатуға қатысты 5 дерек тіркеліп, үшеуіне қатысты сот үкімі шыққан. Қазақстандықтардың адам ағзасын шетелге сату дерегіне қатысты 2 іс тіркелген. Осы деректерге қарап адам ағзасын сату қылмысы кейінгі 3 жылда күш алғанын байқауға болады.  

…Елімізде трансплантация бағдарламасы 2012 жылы басталды. Содан бері  2 800 трансплантациялық операция жасалды. 2 353 операцияда (84%) тірі адам донор болған. 447 операция ғана (16%) мәйіттен алынған ағзамен жасалған. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы ҚР Кодексінің 210 бабы 1 тармағына сәйкес, генетикалық байланыстағы және (немесе) онымен тіні үйлесетін ағзаны салуға рұқсат етіледі. Тірі донордан алынған ағза донордың жақын туысына ғана салынады. Оны «туыс донор» деп айтады. Ал мәйіттен алынған ағза күту парағында тұрғандарға салынады. 

Инфографика: kursiv.media

Транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығының дерегіне сүйенсек, елімізде 4 148 адам ағза донорын күтіп отыр, оның 102-сі бала. Бұл науқастарды мәйіттен алынатын ағзаны салу арқылы ғана аман алып қалуға болады. Алайда қолданыстағы норма оған мүмкіндік бермей отыр. Ол қандай норма? 

Қазақстандықтар көзі тірісінде «өмірден өткен соң ағзасын донор күткен науқастарға салуға келісім береді немесе қарсылық білдіреді. Ол үшін eGov порталындағы «Трансплантаттау мақсатында ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу» формасын толтырады. Бұл форманы толтырған 130 мың адам донор болудан бас тартқан, 7 мың адам ғана келісім берген.

Қолданыстағы нормаға сәйкес, донор болуға келісім берген 7 мың адам көз жұмса, оның ағзасын алу үшін туыстарының келісімі қажет болады. Туыстары келісім бермесе, марқұмның көзі тірісіндегі таңдауы күшін жояды.  

Инфографика: kursiv.media

Ереженің осал тұсы

Астана медицина университетінің Медициналық құқық және этика кафедрасының аға оқытушысы, медициналық құқық бойынша заңгер Гүлмира Базарова 2020 жылы енгізілген дәл осы норма марқұмның таңдау құқын бұзу деп бағалайды. 

«Қайтыс болған адам көзі тірісінде – кәмелетке толғанда өз құқын жүзеге асырған болып саналады. Ол қайтыс болған соң нақты келісімі болғанына қарамастан, туысқанынан рұқсат сұрау дұрыс емес деп санаймын. Адам тірі кезінде донор болуға келісім беру арқылы заңды құқын қолданды, ал туыстарының рұқсаты оны шектейді», – дейді заңгер. 

Оның айтуынша, көзі тірісінде немесе қайтыс болған соң донор бола алмайтын азаматтардың санаты бар. Мәселен, аты-жөні анықталмаған адамдар, қайтыс болған шетел азаматтары, кәмелетке толмаған балалардың және тұрмыстық қиын жағдайда тұрған адамдардың органын алуға тыйым салынады. 

Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының орынбасары Назгүл Жылгелдинаның айтуынша, Қазақстан әлемде донор болуға келісімді де, қарсылықты да тіркеп қойған жалғыз ел. 

«Келісім берсе де, қарсы болса да, туысынан рұқсат сұраймыз. Әлемде бір мемлекет «келісім презумпциясын» алса, басқа мемлекет «бас тарту презумпциясын» алады.  Тіпті, келісім берген адамның барлығы донор бола алмайды. Мысалы, 60 жастан асқандардың көбі келісім береді, бірақ ол жастағы адамдардың басым бөлігі түрлі дәрі ішетінін ескерсек, олардың ағзасы жарамай қалады», – дейді. 

«Трансплантация үшін бәрі бар, тек донор жоқ»

Дәрігерлер мәйіттен алынған әр ағзаның жарамдылық мерзімі барын айтады: жүрек 4-5, бауыр 5-6, бүйрек 10-12 сағатта салынуы керек. Демек, марқұмның туыстарының жедел шешім қабылдауы аса маңызды. 

«Бірер жыл бұрын қыста қатты боран соғып, дәрігерлер Павлодардағы донорға пойызбен кетті. Ағзаны алып қайтарда қатты қиналды. Амал жоқ екі бүйрекпен ғана келді. Басқа ағзалары жарамай қалды. Ең қиыны – дәрігерлер сонша жол жүріп ағзаны алып, реципиентке жеткізе алмай қалатыны», – деді дәрігер.

Фото: kursiv.media

Ол дәрігерлер мәйіттен ағзаны алуға барғанда ол ағзаның кімге салынатынын білмейтінін айтады. Себебі Транcплантаттау орталығында донор мен реципиенттің медициналық ақпараттық жүйесі бар, сол жүйе ең алдымен қан тобы бойынша сәйкестікті анықтайды. Нәтижесі трансфузияология зертханасына беріледі, ондағы жүйе тін сәйкестігі бар жиырма адамды анықтап береді. 

«Мұнда адам факторы жоқ, ақпаратты таза жүйе шығарады. Кейде күту парағында тұрған науқастар «мен бірінші тұрмын, неге мені бірінші шақырмады?» деп ренжиді. Күту парағы – науқастар статистикасы, онда кезек жоқ», – дейді ол. 

Тін сәйкестігі нәтижесі белгілі болған соң, ол ақпарат транспланттау орталықтарына жіберіледі, орталық науқастарға хабарласады. Сосын консилиум басталады.  

«Тірі адамнан ағза алу қауіпті…»

Мидың біржола семуі диагнозы қойылған науқас әлеуетті донор деп аталады. Егер туыстары келісім берсе, марқұмның ағзалары тексеруге алынады. Күту парағында тұрған науқастарға салуға жарамды болса, актуалды донорға айналады. 

Назгүл Жылгелдинаның мәліметінше, былтыр Қазақстанда 86 әлеуетті донордың 10-ы ғана актуалды донорға айналды, яғни 76 донордың туысы келісім бермеген. 10 актуалды донордың 6-ауы ғана жарамды болды, олардан 23 ағза алынып, күту парағындағы науқастарға трансплантацияланды. Қалған төрт мәйіттің медициналық қарсы көрсеткіші анықталып, жарамсыз деп танылған. Биыл үш айда үш мәйіттен ағза алынып, 19 адамға салынды. Осылайша бірнеше адамның өмірін ұзартуға мүмкіндік туды. Әдетте тірі донордан бір бүйрек қана алынады. Сосын бауырдың бір бөлігі алынады. Ал қалған ағза түрлері мәйіттен трансплантацияланады. 

«Тірі адамнан ағза алу қауіпті, себебі реципиенттің ағзасы жаңа ағзаны қабылдамауы мүмкін. Соңында күту парағындағы науқас науқас күйінде қалады, оған ағзасын берген туысы да жалғыз бүйрекпен қалады. Біздегі бір пациентке ағасының бүйрегін салды. Екі жылдан кейін ағза бүйректі қабылдамады. Одан соң анасы бүйрегін берді. Әлгі пациент: «Бір отбасыда үш адам бір бүйрекпен қалдық. Өзім емес, анам ауырса қорқамын», – дейді. Бұл – өте күрделі жағдай, анасы мен бауырын түсінуге болады. Кез келген адам туғаны, әсіресе баласы үшін ештеңеден аянып қалмайды», – деді ол. 

Сондықтан да елдегі донор тапшылығын мәйіт ағзасы есебінен шешу өзекті. Бұл өз кезегінде донор мен реципиентке төнетін қауіпті азайтады. Дәрігердің айтуынша, мәйіттен алған ағзаны салғызған реципиент 2-3 жылда мүгедектіктен шығады, дәрілерін мемлекеттен тегін алып тұрады.

«Үнсіз өлетін орган…»

Транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығының Астана қаласындағы үйлестірушісі Сәуле Абраеваның айтуынша, қаланың өзінде 500-ге жуық науқас бүйрек күтіп отыр. Ол жетекшілік ететін гемодиализ орталығына аптасына 90 науқас келіп бүйрек қызметін алмастыру терапиясынан (гемодиализ) өтеді.  

«Әр өңірдегі стационарда әлеуетті донор пайда болса, яғни науқаста мидың біржола семуі (ми өлімі) тіркелсе, әлеуетті донордың туыстарымен сөйлесемін. Туыстары келіскені немесе бас тартқаны туралы құжат толтырады. Былтыр Астанада 7 әлеуетті донордың туыстарының ешбірі келісім бермеді. 2023 жылы 10 донор шықты, біреуі ғана келісті. Биыл бір ғана келісім болды, мәйіттің екі бүйрегі мен жүрегін күту парағындағы науқасқа салды. Мәйіттегі қалған органдар жарамады», – дейді Абраева. 

Оның айтуынша, қос бүйрегі де жарамсыз боп қалған науқастар бүйрек қызметін алмастыру терапиясымен өмір сүреді. Көп жағдайда гемодиализдегі науқастар бүйрек жеткіліксіздігінен емес, ілеспе аурудан жиі қайтыс болады. 

«Диализге 20 жылдан бері келіп жүргендер бар, сол сияқты 3 жыл ғана келіп қайтыс болғандар бар. Көп жағдайда өлім бүйректен емес, ілеспе аурудан болады. Егер диета сақтап, күтініп жүрсе 20-30 жылдан астам өмір сүре алады. Диализге аурудың бесінші кезеңінде – екі бүйрек функциясын атқара алмай қалғанда келеді. Науқастардың көбінде бүйрек қан қысымы мен қант диабетінен кейін істен шыққан. Әдетте кез келген ауруды белгісіне қарап білуге болады, мысалы, қан қысымы көтерілсе басыңыз ауырады, іш ауырса да ауырсынудан бірден білінеді. Ал бүйрек – «үнсіз өлетін» орган. Оны қан талдауының көрсеткіші мен УДЗ қарап қана анықтайды. Сондықтан скринингтен уақытында өту өте маңызды», – дейді дәрігер. 

Фото: kursiv.media

«Туысының келісімі» туралы норма ағза тапшылығын туғызды 

Кейінгі жеті жылдан бері елде көздің қасаң қабығы трансплантациясы жасалмайтын болды. Асфендияров атындағы ҚазМУ Офтальмология кафедрасының меңгерушісі, университет клиникасының офтольмалогия орталығының директоры Марат Сүлейменовтің айтуынша, бұрын келісім презумпциясы болған, егер азамат донор болуға қарсылығын білдірмесе, ол өмірден өткенде көз алмасы алынып науқастарға салынған. Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында жылына шамамен 125 операция жасалып келген. Донордың тірі кезіндегі келісімі мен туысының келісімі туралы норма енгізілгенде жағдай күрт өзгерген, ағза тапшылығы туындаған.

«2017 жылы институт директоры болып тұрғанымда америкалық клиникамен консервіленген қасаң қабақты жеткізу туралы келісім жасадық. Қазақстанда ағза мен тінді сатып алуға тыйым салынған, сондықтан материалдың өзі тегін болды, қаржы тек оны түрлі инфекцияға тексеріп, жеткізуге жұмсалды. Шетелдік ағзаның көмегімен 70-ке жуық ота жасалды. Ол кезде институт мемлекет меншігінде еді. Кейін жекешелендірілген соң заңға сәйкес, операцияның бұл түрі мемлекеттік медициналық мекемеде жасалатын болды. Университет клиникасына ауысып келген соң, америкалық клиникаға аталған тәжірибені жаңғырту туралы өтініш жолдадым. Ал ағзаны елге жеткізу шығынын «Қазақстан халқына» қоры арқылы шештік», – дейді Сүлейменов. 

2023 жылы «Қазақстан халқына» қоры АҚШ-тан консервіленген қасаң қабықты жеткізуді қаржыландыра бастады. Екі жыл ішінде 304 науқасқа трансплантация жасау көзделді, биыл ақпанға дейін 203 операция сәтті өтті.   

Бүгінде елімізде аталған операцияға мұқтаж 300-ден астам науқас бар. Астана, Алматы мен Шымкент қалаларындағы мемлекеттік клиникаларда операция жасайтын мамандар шоғыры қалыптасты, алайда ағза жоқ. Салдарынан қазақстандықтар Өзбекстан мен Түркияға барып, ақылы жасатуға мәжбүр. 

«Жылына көз жұмған туысының көз алмасын алуға 2-3 адам ғана келіседі. Бұл – өте аз. Ал түрлі өндірістік жарақат алған, операцияға мұқтаждар өте көп. Сондықтан бұл мәселені екі жолмен шешу керек: біріншісі – халыққа түсіндіру, екіншісі – Америкадан ағза әкелу. Мәселен, Өзбекстан да Америкадан консервіленген ағза алады. Бұл операцияны ақылы жасауға рұқсат етілген. Өзбекстан мен Түркияда операция құны 15-30 мың доллар шамасында. Оған ұшып барып-қайтуы мен тұратын жері, медициналық тексерілуін қосыңыз. Бұл – біздің елде 3-4 мың долларға жасауға болатын операция түрі», – дейді офтальмолог. 

Айта кетейік, қасаң қабықтың бәрі транспланттауға жарамайды. Мысалы, суқараңғы (глаукома) мен қатерлі ісік болса оны алмайды. Ал астигматизм, сығырлық (близорукость), алыс жітілікпен (дальнозоркость) донор бола алады. Бастысы, клетка саны жеткілікті болуы шарт. 

Донор болу туралы дін не дейді?

Дәрігерлер ел азаматтары донор болуға екі себепке байланысты бас тартады дейді. Бірі – медицина жүйесіне сенімсіздік болса, екіншісі діни наным-сенімге байланысты. ҚМДБ шариғат және пәтуә бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлінің айтуынша, мүфтият 2014 жылы трансплантацияға қатысты пәтуа шығарған. 

«Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде «Емделіңдер, расында Алла тағала әрбір дертті шипасымен қоса жаратты» деген. Демек, адамның қадір қасиеті мен емделуі туралы айтылып отыр. Енді осы тұста ағза ауыстыру тәсілін қазіргі заманның ғалымдары емдеу тәсілі деп қарастырады. Құранда келгендей «Бір адамның өмірін құтқарып қалса, бүкіл адамның өмірін құтқарғанмен тең» деген принципке сай деп, оған арнайы шарттармен рұқсат береді»,  – деді ол.

Мүфтият өкілінің айтуынша, тірі адамның ағзасын тірі адамға алмастыру және мәйіттің ағзасын тірі адамға алмастырудың шарттары бар. 

«Тірі адамның ағзасын науқасқа алмастыру шартына келсек, ең бірінші шарты – аса зәрулік болуы керек. Яғни, бұл емделудің ең соңғы мүмкіндігі, басқа жолы жоқ. Екінші – ағза беріп жатқан адам өзі өмір сүре алатындай болуы, өзіне зиян келмеуі керек. Өйткені шариғатта науқастың мүддесі тірі адамның мүддесінен жоғары емес, зиянды зиянмен кетіруге болмайды. Үшінші – науқасқа нақты сол ағзасы сай ма, жоқ па соны жіті тексеру қажет. Төртінші шарты – ағза сатылмауы тиіс, өйткені ол қорлау болып саналады. Тағы бір мәселе – жыныс ауыстыруға тыйым салынады. Соңғы шарты – арнайы мемлекеттік мекемелердің дәрігерлерінің қатысуымен іске асуы керек», – деді ол.

Фото: kursiv.media

Сонымен қатар, мәйіттен алған ағзаны тірі адамға салуға қандай жағдайда рұқсат етілетінін де түсіндірді.  

«Бұл жерде де ең бірінші шарты – зәрулік, басқа жағдайда тыйым салынады, тек зәрулік болған кезде рұқсат етіледі. Екінші – мәйіттің өлім халі нақты болуы керек», – деген ол ағза тапшылығын шешу үшін донордың баламалы жолдарын қарастыру артық етпейді деген пікірде.  

Оның айтуынша, кейбір жануардың ағзасы адамға сай келеді. Ол жануарға шариғатта тыйым салынған болса да, зәрулік болғандықтан жануардың ағзасын салуға рұқсат береді. 

Назгүл Жылгелдинаның айтуынша, адамға жануар ағзасын салу, яғни ксенотрансплантацияға үміттенуге әлі ерте. 

«Әзірге ксенотрансплантация жасалған адам бір жетіден артық өмір сүрген жоқ. Шошқаның жүрегін адамға салды, себебі ол гендік тұрғыда адамға ең жақыны. Сондай-ақ ағза жетіспеушілігін шешу үшін ағзаны 3D әдісін басып шығару да қолға алынды, бірақ нәтижесі мінекей деген зерттеу қорытындысы жоқтың қасы. Ғылым бір орында тұрған жоқ, қандай мүмкіндік бар, соның бәрін қарастырып жатыр. Дегенмен дәл қазіргі күні дамыған елдердің өзі ағза тапшылығын мәйіт ағзасы арқылы шешіп жатыр», – дейді ол. 

Шетел тәжірибесі туралы бірер сөз

Қазіргі күні әлемде трансплантация бойынша алдыңғы қатарда Испания мен АҚШ тұр. Мәселен, Испанияда былтыр 6 464 трансплантация жасалған. Бұл елде де келісім презумпциясы бар. Егер азамат тірісінде өлген соң донор болуға қарсылық білдірмесе, қайтыс болғаннан кейін ағзасын трансплантация жасау мақсатында ала береді. Бірақ міндетті түрде туысының келісімін алады. Ал АҚШ-та жүргізуші куәлігін алғанда азамат донор боулға қатысты ұстанымын көрсетеді және ол туралы кейін шешім қабылдайтын туысына ескертеді. Ал ТМД бойынша трансплантация жасауда Беларусь мемлекеті алғашқы орында тұр. Себебі ол елдің азаматы тірісінде донор болуға қарсылық жазып бермесе, бірден келіскен болып саналады. Қазақстандықтардың аталған елге барып трансплантация жасатып жүргені де содан, ағзаны ұзақ күтіп әуре болмайды.

«Олар алдымен өз еліндегі науқастарға береді ағзаны, артылса ғана қазақстандықтарды шақырады. Әрине ақшаға салады. Қателеспесем, оларда күту парағында 200-дей ғана адам бар. Бізде – 4 мың адам! Әрине ол жақта донор тез табылады, ота жасалады. Алайда отадан кейінгі бақылауы, жол шығыны бар. Ақша таусылғанда отандық дәрігерлерге келеді. Біздің дәрігерлер отаның қалай өткенін білмейді де, содан қиындық туындап жатады. Қазақстанда трансплантолог дәрігерлер ота жасағаннан кейін оңалтуы, әр кезеңдегі тексерілуін бастан аяқ қадағалап отырады. Ешбір науқасты далаға тастамайды. Шетелге барып жасатып жатқан отандастарымыздың нақты санын білмейміз, ондай статистиканы жүргізбейміз. Біздің міндетіміз – елдегі науқастарға донор табу. Белоруссияда 60 мың АҚШ доллары тұратын ота бізде тегін. Одан кейінгі дәрігерлік бақылау да тегін», – дейді Назгүл Жылгелдина. 

Мәселенің шешімі

Трансплантология саласының дамуы білікті кадрлар мен материалдық-техникалық жабдықталуға ғана қатысты емес, ағза түрлері мен тін материалдарының жеткілікті болуына да байланысты. Сондықтан донор тапшылығы мәселесін шешу аса өзекті. Мәселенің шешімі медицина қауымдастығы ұсынып отырғандай, мәйіттік донорлық көмегімен шешу ең оңтайлы шешім саналады. Себебі туыс донорға қарағанда қаупі аз. Алайда қолданыстағы заң нормасы кедергі болып тұр. Адам тірі кезінде донор болуға келіссе де, оның ағзасын беру немесе бермеу мәселесін ол өлген соң туыстары шешеді. Көп жағдайда туыстары келісім бермейтінін жауапты мамандар мойындап отыр. Сондықтан көзі тірісінде өз еркімен келісім берген донордың туыстарының келісімін алу туралы норманы өзгерту маңызды. Азаматтың ерікті келісімі болса, Чехия тәжірибесіндегідей туысынан рұқсат сұрамай, ескерту туралы нормаға өзгертуге болады. Ол үшін Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс пен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейінгі донорлығына адамның тірі кезінде ерік білдіруін беру және бұл жөнінде жұбайын (зайыбын) немесе жақын туыстарының бірін хабардар ету қағидаларына өзгеріс енгізу керек.  

Екінші шешім – донор, оның ішінде транплантология саласындағы ағза донорлығы туралы түсіндіру, ақпараттандыру жұмысын күшейту. Қоғамда донор болуға қатысты үрей мен дәйексіз ақпарат басым. Дәрігерлер бір мәйіттен алынған ағзалардың көмегімен кемінде 5 адамның өмірін құтқаруға болатынын айтады. Ол үшін ақпараттық түсіндіру жұмыстарын мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында жарияланатын тақырыптарға қосу ұсынылады. Бұл, бір жағынан, медицина саласына сенімді арттыруға септігін тигізеді.