Екпеден кейінгі физикалық жаттығулар антидене деңгейін арттырады
Ғалымдар эксперимент жасап, вакцинадан соң физикалық жаттығулармен айналысқан адамдардың антиденелері мен оншалықты көп қозғалмаған адамдардың антиденелерін салыстырды. Нәтиже сенімді шығуы үшін олар үш түрлі вакцинаны қолданды: 20 адам тұмаудың H1N1 түріне қарсы екпе алса, 28 адам тұмаудың үш түріне қарсы үшвалентті екпені, ал 39 адам Pfizer вакцинасын қабылдады.
Ғалымдар зерттеуге қатысушыларды екі санатқа бөлді: бірінші топ 90 минут бойы велотренажер мен жүгіру жолағында спортпен айналысса, екінші топ физикалық жаттығулармен шұғылданған жоқ. Эксперимент қатысушылары бір ай бойы бақылауда болды. Антидене талдаулары әр екі аптада жүргізіліп отырды.
Зерттеу нәтижесінде физикалық жаттығумен айналысқан барлық қатысушыларда антидене деңгейі екінші топтағыларға қарағанда едәуір артқаны белгілі болды. Ғалымдардың түсіндіруінше, физикалық жаттығулар биохимиялық процестерді іске қосып, ми жұмысын жылдамдатады.