Министр суға батып бара жатқан баланы құтқарған оқушыны марапаттады
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Ақтөбе қаласының №13 мектеп оқушысы Қолқанат Баққұлды суға батып бара жатқан баланы құтқарғаны үшін марапаттады, деп хабарлады Elorda.info.
Министрліктің мәліметінше, Қолқанат Елек өзеніне батып бара жатқан баланы құтқарып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, аман алып қалды. Министр батыр оқушы мен оны тәрбиелеген ата-анасына алғыс білдірді.
Адам өмірін құтқару – бұл ерлік. Біздің мектеп оқушыларының арасында өзгелерге үлгі боларлық өжет, ержүрек, батыл балалардың бары үлкен мақтаныш.Осындай азаматтарды тәрбиелегені үшін ата-аналары мен мұғалімдеріне алғыс айтамын, - деді Ғани Бейсембаев.
Қолқанаттың ата-анасы да баласының ерлігін ескерусіз қалдырмаған министрге алғыс білдірді.
Біз балаларымыздың қайырымды, қамқор, патриот болып өсуіне күш салдық. Рухы биік ұрпақ тәриелеуге тырыстық, ұлымыздың бұл әрекетін мақтан тұтамыз, - деді оқушының әкесі Ерболат Рзиев.
Педагогтердің айтуынша, Қолқанат – Ақтөбе қаласы №13 мектептің үздік оқушыларының бірі. Қазақстан тарихы мен шет тілдеріне ұызығушылығы басым. Сонымен қатар мектептің волейбол командасының құрамында.
Естеріңізге сала кетейік, биыл сәуір айында ҚР Оқу-ағарту министрі Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарынан келген 11 қазақстандық оқушыны ерлігі үшін марапаттап, ата-аналарына алғыс білдірген болатын. Министрлікте бұл шара дәстүрлі түрде жалғасатын болады.