Елімізде наурыз айында өтетін ҰБТ басталды


Бүгін наурыз айында өтетін ҰБТ басталды, ол 6 сәуірге дейін жалғасады. Тестілеуге қатысуға 163 мыңға жуық адам өтініш білдірген, деп хабарлады Elordainfo.kz. Ұлттық тестілеу орталығына сілтеме жасап.
163 мыңға жуық адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген. Олардың 76%-ы қазақ тілінде, 23,9%-ы орыс тілінде, 162 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.
Талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады. Тестілеудің бірінші күні еліміз бойынша 775 адам ҰБТ тапсырады.
«Ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы – «Биология-Химия», яғни талапкерлердің 17,5%-ы медицина, педагогика және ауыл шаруашылығы мамандықтарына түсуді жоспарлаған. Ал 17,1%-ы «Математика-Физика», 10,5%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады, сәйкесінше болашақ инженерлер мен IT-мамандары», - дейді орталықта. ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма беріледі. Жоғары балл – 140.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады. Естеріңізге сала кетсек, наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, Қазақстан азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.



