ЕҰУ-да Гейдар Әлиев аудиториясы ашылды
Еуразия ұлттық университетінде Әзірбайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің аудиториясы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлады Elorda.info.
Онда Гейдар Әлиевтің қолжазбалары, мемлекеттік қызметі туралы кітаптар, түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті туралы еңбектер ұсынылған.
Іс-шараға Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Әзірбайжанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Агалар Атамоғланов, ғылыми қауымдастық өкілдері мен студенттер қатысты.
Салтанатты ашылу барысында Ерлан Сыдықов Еуразия ұлттық университеті мен Әзірбайжанның жетекші жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық белсенді дамығанын және ондаған әзербайжандық студенттер ЕҰУ қабырғасында оқитынын атап өтті.
Еуразия ұлттық университеті мен Баку мемлекеттік университетінің ғалымдары биотехнология бойынша бірлескен зерттеулер жүргізуде. Жаңа оқу жылынан бастап биология бойынша «қос диплом» бағдарламасы басталады. Ынтымақтастық мамандарды бірлесіп даярлау шеңберінде ғана емес, сонымен қатар біздің елдеріміздің студенттері мен оқытушылары үшін академиялық ұтқырлық және тағылымдама бағдарламалары бойынша да дамуда. Біздің университет қабырғасында Әзірбайжанның көрнекті қайраткерлері дәріс оқығанын атап өткен жөн, - деді Ерлан Сыдықов.
Әзірбайжанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Агалар Атамоғланов биыл белгілі саяси қайраткер Гейдар Әлиевтің туғанына 100 жыл толатынына назар аударды.
Әр халықтың тарихында ұлы адамдар бар. Ең тағдырлы сәтте олар халықты алға жетелейді. Бауырлас қазақ елі Гейдар Әлиевті саяси қайраткер ретінде құрметтейтінін білеміз. Еуразия ұлттық университетінде осы аудиторияның ашылуы - соның жарқын дәлелдерінің бірі. Менің ойымша, біздің студенттер жаңа білім алуға және Әзірбайжан мәдениетімен танысуға мүмкіндік алады. Біз ЕҰУ-мен бірлесіп осы атаулы аудиторияда мәдени іс - шаралар өткізетін боламыз, - деді дипломат.
ЕҰУ профессоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров көпжылдық ғылыми зерттеулердің нәтижесінде табылған Әзірбайжан мемлекетінің сирек кездесетін көне 3 еуропалық картаны сыйға тартты. Ғалым өз еңбегінің нәтижесін Әзірбайжан басшысына табыстау үшін елшілік өкілдеріне берді.
Ескі карталарды зерттеу барысында мен бауырлас Әзірбайжанның көптеген карталарын таптым. ХVІ ғасырдан бастап еуропалық және американдық карталарда Әзірбайжанның өзі және оның қалалары көрсетілген. Ең қызығы, ХV - ХVІІІ ғасырлар аралығында Каспий теңізі еуропалық карталарда бірнеше рет әртүрлі атаумен атап өтілген, - деді ғалым.
Гейдар Әлиев аудиториясы Әзірбайжанның тарихы, саясаты мен мәдениеті туралы білім орталығына айналады. Онда тілдік және әдеби бағыттар бойынша түрлі тақырыпта дәрістер өтеді.