ҰБТ-ға телефон алып кірген 146 оқушы тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды
ҰБТ басталғаннан бері 127 мың реттен астам тест тапсырылды. Оның ішінде талапкерлердің 74%-ы қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде, 0,1% ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлады Elorda.info Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
ҰБТ басталғалы шекті балды 78% - ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 69 балды құрады. Ең жоғары балл – 137, оны тестілеудің бірінші аптасында бір талапкер жинаған.
ҰБТ-ның үшінші аптасында талапкерлер тестілеуді тапсырудың екінші мүмкіндігін пайдаланып жатыр. Сондықтан тестті екі рет тапсырып, балдарын біліп отырған балалар грант конкурсы бойынша сұрақтар қоя бастады. Ең жиі қойылатын сұрақ: Грант ұтып алу үшін қанша балл жинау керек? Грантқа шекті балл деген болмайды және барлығы конкурсқа байланысты екендігін тағы да бір атап өтсем. Бірақ кем дегенде бағдар болу үшін оқуға түсушілер былтырғы нәтижелермен таныса алады. Мысалы, 2022 жылы «Стоматология» ББТ бойынша бір гранттық орынға 25 үміткер болған, ал грант ұтып алғандардың орташа көрсеткіші 134 балды құрады, - деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Айта кетейік, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға екі аптаның ішінде 370 талапкер қатысты.
Бүгінгі таңда 146 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 106 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.
Еске салсақ, 2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.