«Балақайлар мектебі»: Елімізде 90 мыңға жуық бала мектепалды дайындықтан өтті

Жазғы демалыс кезінде бірінші сыныпқа баратын балаларға тең мүмкіндік беру мақсатында «Балақайлар мектебі» атты қысқа мерзімді мектепалды дайындық бағдарламасы ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бағдарлама мемлекеттік стандартқа сәйкес әзірленіп, мектепке дейінгі білім мен бастауыш сынып арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етуге бағытталды. Оқыту барысында балалардың физикалық, коммуникативтік, интеллектуалдық және әлеуметтік-эмоционалдық дағдылары дамытылды.
Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамованың айтуынша, жазғы үш ай ішінде 90 мыңға жуық бала қамтылды: оның ішінде 60 мыңға жуығы қалада, ал 30 мыңнан астамы ауылдық жерлерде дайындықтан өткен.
Мектепалды дайындық бір айға есептелген және оны бастауыш сынып мұғалімдері мен мектепалды даярлық педагогтері жүргізді.



