43 жастағы АҚШ азаматы Қозыбаев университетіне құжат тапсырды


Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің Telegram-арнасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазіргі таңда оқу ордасында әлемнің 16 елінен келген шетелдік студент білім алады. Соның ішінде Аризона университетімен бірлескен қосдипломдық білім беру бағдарламасы шет елден келген жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
Биыл жоғары оқу орнына түсу үшін арнайы АҚШ-тан келген Илья Кушнирский құжат тапсырды. Ол жасы 43-ке келсе де, білім алуды кеш емес деп есептейді.
«Өзім Нью-Йорк қаласынан боламын. Бірақ соңғы 2 жыл бойы Санкт-Петербург қаласындағы клиникалық психология бойынша қайта дайындықтан өттім. Алматыдағы семинарлардың біріне қатысып, Қозыбаев университеті туралы білдім. Негізі көп уақыт бойы Америкада тұрдым. Алайда мені екі диплом алу мүмкіндігі қатты қызықтырды, сондықтан Қозыбаев университетін таңдап отырмын», - дейді талапкер.
Илья Кушнирский қос диплом бағдарламасы бойынша «Білім берудегі психология» мамандығына құжат тапсырды. Шетелдік студент ретінде ол ақылы негізде оқитын болады. Алайда талапкер үшін бұл қаржылық жағынан тиімді шешім. Мәселен, егер ол оқуды Аризона университетінің Тусон қаласындағы кампусында бастаса, жылына 40 000 АҚШ долларын төлеуі қажет болар еді.



