4,1 миллионнан астам оқушы жаңа оқу жылын бастады

Бүгін, 10:27
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views63
4,1 миллионнан астам оқушы жаңа оқу жылын бастады
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Қазақстан бойынша 8 мыңнан астам мектеп 4,1 миллионнан астам оқушы үшін өз есіктерін қайта ашты. Ал 363 461 бірінші сынып оқушысы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқу-ағарту министрлігі заманауи әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Атап айтқанда, жаңа мектептер салу және ескі мектептерді қайта жаңғырту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылды:

•​127 мектеп реновация бағдарламасы аясында жөнделді, жыл соңына дейін олардың саны 245-ке жетеді;

•​шамамен 1 000 мектепте модернизация жұмыстары жүргізілуде — олар заманауи жабдықтармен және функционалды оқу кабинеттерімен қамтамасыз етіледі;

•​83 жаңа мектеп пайдалануға берілді, оның 57-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Соның тең жартысы ауылдық елді мекендерде орналасқан.

Бұл шаралардың нәтижесінде еліміздің білім беру жүйесі қосымша 100 мыңға жуық жаңа оқушы орнымен толықты. Бұл — мектептегі орын тапшылығын шешу және әр балаға жайлы білім алу жағдайын жасау жолындағы маңызды қадам.

Білім күніне арналған мерекелік шаралар республикадағы барлық мектепте өтті. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері оқушыларды, мұғалімдер мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оларға жаңа жетістіктер мен жарқын табыстар тіледі.

 Айта кетейік, Қазақстанда оқу процесі 2 қыркүйектен басталып, 25 мамырға дейін жалғасады.