Жыл басынан бері еліміздегі концерттерді 1,7 миллионнан астам адам тамашалады
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында еліміздегі концерт ұйымдары 2966 мәдени іс-шара өткізіп, оларды 1 752 940 адам тамашалады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда 35 концерт ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 7-еуі республикалық мәртебеге ие. Мәдени ұйымдар ұлттық өнерді насихаттап, шығармашылық ұжымдардың өнерін ел ішінде кеңінен таныстырып келеді.
Алғашқы жартыжылдықтағы ірі жобалардың бірі – «Халық әуені» концерттік-гастрольдік туры болды. 21-23 мамыр аралығында өткен жоба еліміздің 17 өңірін қамтыды. Үш күн ішінде шалғай аудандар мен ауылдық елдімекендерде 51 концерт ұйымдастырылып, оны 20 мыңға жуық көрермен тамашалаған.
Тур аясында халық әндері, симфониялық музыка, заманауи эстрада, мюзикл және хореографиялық қойылымдар ұсынылды. Көрермен алдында республикалық шығармашылық ұжымдар, «Қазақконцерт» әртістері, оркестрлер, би ансамбльдері, опера солистері мен дәстүрлі өнер өкілдері өнер көрсетті.
Сонымен қатар өңірлерде 8 шығармашылық кездесу мен шеберлік сабағы өткізіліп, жас өнерпаздар тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Алты ай ішінде ел ішіндегі гастрольдер аясында 39 концерт ұйымдастырылып, оларды 17 012 адам тамашалады. Концерттер Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай, Ақмола, Алматы, Қызылорда, Абай және Жетісу облыстарында өтті.
Жыл басынан бері көрерменге мерейтойлық кештер, фольклорлық, академиялық және заманауи бағыттағы түрлі жобалар ұсынылды. Олардың қатарында «FLOW/АҒЫН», «Өмір – қазына», «Отан ана», «Адам дауысы» монооперасы, жасанды интеллект технологиясы қолданылған «Әуенге айналған сезім» концерті және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің FOLK SHOW NAURYZ жобасы бар.